Адам есімі тағдырына қалай әсер етеді?

Бүгiн, 09:00
476
Бөлісу:
Адам есімі тағдырына қалай әсер етеді?
Фото: Қызылорда облыстық ҚАЖ

Адам есімі – оның жеке басының ажырамас бөлігі, қоғамдағы орны мен мәдени ортасын сипаттайтын маңызды белгі. Әр халықта есім беру дәстүрі түрлі тарихи, діни және әлеуметтік факторларға байланысты қалыптасқан. Адам есімі оның жеке басын ғана емес, сонымен бірге отбасының, ұлтының, дінінің ерекшеліктерін көрсетеді. Көптеген есімдердің белгілі бір мағынасы болады. Адам есімі тағдырына, өмір жолына қалай әсер етеді, шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әр халықтың балаға ат қоюда өзіндік дәстүрі бар. Қазақ халқында есім беру рәсімі маңызды.

Ата-әженің ықпалы: Қазақта баланың атын көбіне ата-әжесі немесе үлкен кісілер қойған. Бұл – үлкендерге құрмет көрсетудің бір белгісі.

Ырымға байланысты есімдер: Баланың денсаулығы мықты болсын деп оған қарапайым немесе жағымсыздау естілетін есімдер қойылған (мысалы, Итбай, Жаманқұл).

Ата-баба есімін беру: Ру мен отбасындағы беделді адамдардың есімі қайталанып қойылған.

Төл есімдер мен араб-иран есімдері: Қазақ тілінде таза төл есімдер (Қуандық, Бекзат) мен ислам мәдениетінен енген есімдер (Мұхаммед, Әли, Фатима) қатар кездеседі.

Этнограф, ғалым Ақеділ Тойшанұылынан балаға есімді кім қою керек және тыйым салынған немесе сирек қойылатын есімдер жайлы сұрадық.

Қазақ қоғамында баланың есімін көбіне сол әулеттің ақсақалы немесе ақ жаулықты анасы қоятын. Бұл – үлкендердің батасы мен даналығын жас ұрпаққа дарыту деген сенімнен туған дәстүр. Кей жағдайларда құтты қонаққа ат қойғызу салты болған. Әсіресе, алыстан келген қадірлі мейманға балаға есім беру ұсынылып, оның жолы ашық болсын, елмен аралассын деген ырым жасалған. Белгілі би-шешендер, ақындар мен батырларға ат қойдыру дәстүрі кең таралған. Елге қадірлі адамдардан балаға жақсылық пен қасиет жұқсын деп, солардан ат қоюын сұраған. Кейде танымал тұлғалар, даңқты батырлар ат қойған. Мысалы, халық аңыздарына қарағанда, бір кездері Қабанбай батырға баланың есімін қоюды өтініпті. Ол «Егер бұл бала көтере алса – Қабанбай, көтере алмаса – Жаманбай болсын» деп ат қойған екен. Бұл есім кейіннен үлкен ру атауына айналды,-деді этнограф.

Оның айтуынша, қазақ халқы есім қоюда белгілі бір шектеулерді сақтап, ырым-тыйымдарға ерекше мән берген.

Киелі немесе аса құрметті есімдерді күнделікті тұрмыста атамау дәстүрі болған. Мысалы, Мұхаммед есімі ерекше құрметке ие болғандықтан, қазақтар оны тікелей атамай, Мұқағали деп өзгерткен. Абай есімінің түпнұсқасы – Ибраһим. Бірақ қазақтар оны жеңілдетіп, Абай деп атаған. Ыбырай Алтынсариннің шын есімі – Ибраһим, бұл да пайғамбар есімі болғандықтан, оны Ыбырай деп атаған. Кейбір дәуірлерде адамдар өз атын жасыру дәстүрін ұстанған. Мұның бірнеше себебі болған. Адамның атын білсе, оның тағдырын өзгертуі немесе оған зиян тигізуі мүмкін деген сенім. Есімді ат тергеу қазақта үлкен адамның немесе қадірлі тұлғаның есімін тура атамау дәстүрі бар. Мысалы Қабанбай батырдың есімін әйелдер мен келіндер тікелей атамай, Қабекең деп атаған. Бұл дәстүр басқа да үлкен кісілерге қатысты қолданылған. Кейбір тарихи тұлғалардың шын есімдері көпшілікке беймәлім болып, уақыт өте келе өзгеріп кеткен. Қабанбай батырдың шын есімі – Ерасыл. Бірақ оның даңқы шыққан соң, халық оны Қаракерей Қабанбай деп атады. Күлтегін, Тоныкөк есімдері – титулдық атаулар. Бұл тұлғалардың нақты шын есімдері белгісіз болуы мүмкін. Шыңғыс ханның шын есімі – Темучин. Бірақ оның ұлы мәртебесі Шыңғыс хан деген атпен тарихта қалды. Қазақ халқы есімнің тек дыбыстық белгі емес, оның терең мағынасы, тіпті тағдырға ықпалы бар деп сенген. Кейбір есімдер белгілі бір оқиғалармен байланысты қойылған. Мысалы, Ертөстік есімі төстік тағамын жегеннен кейін дүниеге келген балаға қойылған деген аңыз бар. Жаугершілік заманында ұл баланың мықты болуын қалап, оған Батырбек, Қылышбай, Найзабек сияқты жауынгерлік мағынасы бар есімдер берген. Тотемдік сенімге байланысты Қасқырбай, Бөрібай, Итбай сияқты есімдер беріліп, баланы жамандықтан қорғайды деп есептеген,-дейді Ақеділ Тойшанұлы.

Адам есімі – тек жеке белгі емес, ол ұлттық мәдениеттің, тарихтың және дүниетанымның көрінісі. Қазақ халқында есім беру дәстүрі терең мәнге ие және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қазіргі заманда дәстүр мен жаңа үрдістер үйлесім тауып, қазақ есімдері өзгеріп жатыр.

Кеңес Одағы кезінде ішінара ұлттық сананың тарихи танымының оянуына байланысты қазақта жақсы аттар да қойылып жатты. Мысалы, Бауыржан атамыздың ерлігіне байланысты көп адам осы есімді қойды. Бауыржан Омаров ағамыздың өзі жазып отыр. Осы жүз мыңдаған адам Бауыржан екен. Бірақ мен бір білетінім осы адам есімі кездейсоқ қойылмауы керек. Мысалы, Бауыржан дегендердің ішінде мен осал, Бауыржан, нашар, жаман Бауыржандарды көрген жоқпын. Соған қарағанда Баукеңнің аруағын сыйлап, халық құрметтеген. Кішкентай кезінен баланың құлағына сол Бауыржан деген кім екендігі ұялайтын болған. Баукең деген осындай керемет батыр, керемет үлкен жазушы деп, ер жүрек ел үшін ғана тіршілік істеген адам деп. Соған байланысты бұл кісінің аты көп қойылды деп ойлаймын,-деді этнограф Ақеділ Тойшанұлы.

Ұлттық статистика бюросынан 2024 жылы ең көп қойылған ұл және қыз балалардың есімін көрдік. Тізім мынандай болды. Мұхаммед есімі өткен жылы 3270 балаға қойылып бірінші орында көш бастап тұр. Одан кейін Айсұлтан (2608), Әлихан (2271) есімдері жайғасқан. Ал, қыздарға келер болсақ Медина есімі 4669, Асылым 4461, Айлин 4359 қызға қойылған.

Қазіргі таңда арабша аттар қою үрдісі кең таралған. Мұсылман есімдері, мысалы, Мұхаммед, Әли, Айша, Раяна сияқты аттар көп қойылып жатыр. Бұл – қоғамдағы белгілі бір кезеңнің көрінісі, яғни мұсылмандық дәстүрдің ықпалы. Бірақ бұрын қазақтар араб есімдерін өз тілдеріне бейімдеп айтатын, мысалы, Қали дегенді Қали деп, Қанды қосып, түріктерден келген бек сөзін қосатын еді. Қазір мұндай бейімдеу жоқ, араб тілінде қалай тұрса, солай көшіріп қойып жүр. Бұл үрдіс қаншалықты дұрыс екенін айту қиын, бірақ ұлттық тіліміз бен мәдениетімізге қайшы келетін есімдер көбейіп барады. Сонымен қатар, соңғы уақытта Батыстан келген халықаралық есімдер де көбейіп отыр. Мысалы, Адолина сияқты аттар да пайда болды, бұл ағылшын тілінен және Еуропадан келген әсер деп айтуға болады,-деді ғалым Ақеділ Тойшанұлы.

Адамның есімі оның өміріне, мінезіне және тағдырына әсер ете ме деген сұрақ – ғасырлар бойы түрлі мәдениеттерде талқыланып келе жатқан тақырып. Қазақ халқында да “Атыңа затың сай болсын”, “Есіміңе лайық бол” деген нақылдар бар, бұл есімнің адамның өмір жолына ықпал ететінін меңзейді.

Есім таңдағанда, менің ойымша, әр адам есімін ұранға айналдыруы керек. Бұрын Телқожа Жанұзақов сияқты ғалымдар қазақ есімдері туралы кітаптар шығарып, халыққа насихаттаған. Ол кітаптар қазір басылмайды, бірақ мұндай құралдар қайтадан шығарылып, халыққа ұсыну қажет. Сондай кітаптар арқылы дұрыс есім таңдап, ұлттық танымды сақтауға болады. Жақсы есімдер – еліміздің тарихын, мәдениетін білдіретін, халыққа игілікті еңбек еткен тұлғалардың аттары болуы керек. Бұл аттар ұран болып, халқымызды алға жетелейтін құндылыққа айналуы тиіс,-деді этнограф.

Өзгелердің жаңалығы