- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Адалдық, еңбек, жауапкершілік: Мектептер Абай өсиетін қалай жүзеге асырып жүр?
Адалдық, еңбек, жауапкершілік: Мектептер Абай өсиетін қалай жүзеге асырып жүр?
11 Қазан 2026, 15:21
Абайдың білім, еңбек, жауапкершілік пен адамгершілік туралы ойлары арада ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алайда бұл құндылықтарды оқу бағдарламасына енгізу бір басқа да, оларды мектептің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыру бір басқа. Қазақстан мектептері ұлы ойшылдың ұстанымдарын қаншалықты басшылыққа алады? Оларды іс жүзінде жүзеге асыруға не кедергі? Осы сұрақтарға білім беру саласының сарапшысы Юлия Смышляева BAQ.KZ тілшісіне жауап берді.
Сарапшының айтуынша, Абайдың негізгі идеяларының бірі – білім алуды тек үлгеріммен, бағамен немесе диплом алумен шектемеу. Оқу барысында адамның бойында қандай қасиеттер қалыптасатыны да маңызды.
Мен үшін Абай мұрасының басты құндылығы – оның адамға тек білім алу қажеттігін ғана емес, сол білімнің арқасында қандай адамға айналуы керегін де түсіндіруінде. Білім алу баға мен дипломға ғана тірелмеуге тиіс. Ол адамның өз бетінше ойлауын, еңбекқорлығын, адалдығы мен жауапкершілігін дамытуы керек. Абай “Қара сөздерінде” шынайы танымға жетудің шарттары туралы ой қозғайды. Ал он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат пен жүректі бір арнаға тоғыстырады. Бұл – қазіргі мектеп үшін де маңызды бағдар. Балаға білім беріп қана қоймай, оны алған білімін қолдануға, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге, жақсы мен жаманды ажыратуға және өзгелерге құрметпен қарауға үйрету қажет, – деді Юлия Смышляева.
Сарапшының пікірінше, білімді болу, өз бетінше ойлау және адамгершілік жауапкершілікті сезіну – қазіргі мектеп ұстануға тиіс негізгі бағыттардың бірі.
Мектептер Абай идеяларына сай білім беріп жүр ме?
Бүгінде Абайдың көзқарастарымен үндес құндылықтар білім беру саласындағы құжаттарда да қамтылған. Смышляеваның айтуынша, 2023–2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасында адамгершілігі мол, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру және өз бетінше білім алуға қолдау көрсету көзделген.
Сондай-ақ 2025–2026 оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Онда еңбекқорлық пен кәсібилік, әділдік пен жауапкершілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты құндылықтарға басымдық берілген.
Алайда сарапшының пікірінше, дұрыс бағыттың белгіленуі оның барлық мектепте бірдей жүзеге асырылатынын білдірмейді.
Құндылықтарға негізделген бағыт дұрыс белгіленгені сөзсіз. Дегенмен бағдарламаны әртүрлі мектептер мен өңірлерде тиімді әрі біркелкі жүзеге асыру да маңызды. Баланың білім алып, дамуына шынайы мүмкіндік болуы үшін білікті педагогтер, қауіпсіз орта, үйірмелер мен секцияларға қолжетімділік қажет. Ауыл мен қала мектептерінің қажеттіліктеріне де назар аударған жөн, – деді ол.
Демек, мәселе Абай идеяларымен үндес ұстанымдардың білім беру саясатында бар-жоғында ғана емес, баланың мектептегі күнделікті өмірінде сол құндылықтармен қаншалықты бетпе-бет келетініне де байланысты.
Абай мұрасын әдебиет сабағымен шектеуге болмайды
Юлия Смышляеваның пікірінше, Абай мұрасы тек әдебиет сабағында талқыланатын тақырып болып қалмауы керек. Оның идеяларын мектептегі кез келген пәнде және ұжым ішіндегі қарым-қатынаста қолдануға болады.
Математика сабағында оқушыларға алгоритмді жаттатумен шектелмей, есептің шешу жолын түсіндіріп, өз ойларын дәлелдеуге үйретуге болады. Жаратылыстану пәндерінде бақылау жүргізіп, болжамдарды тексеруге және өз бетінше қорытынды жасауға баулу маңызды. Ал мектеп ұжымында балаларды сөзіне жауап беруге, өзгенің пікірін құрметтеуге және әділетсіздікке бейжай қарамауға үйретуге болады.
Сарапшының айтуынша, бұл үшін қазірдің өзінде қолайлы жұмыс түрлері бар. Олардың қатарында пікірсайыстар, кітап оқу мәдениетін дамыту жобалары, кәсіптік бағдар беру, экологиялық және цифрлық бастамалар, буллинг пен қауіпті мінез-құлықтың алдын алу жұмыстары бар.
Әр іс-шараның балаға нақты тәжірибе беруі маңызды. Ол адалдық немесе еңбек туралы әңгімені жай ғана тыңдап қоймай, өз таңдауын жасап, белгілі бір жұмысты орындап, өзгелерге көмектесіп, әрекетінің салдарын талқылауы керек. Балалармен және ата-аналармен жұмыс барысында нақты жағдайларды талқылаудың тиімді екенін байқаймыз. Мысалы, бала буллингтің куәгері болса не істеу керек, интернетте өзін қалай қауіпсіз ұстауға болады немесе көмекке қалай жүгінген дұрыс? Осындай жолмен құндылық нақты дағдыға айналады, – деп түсіндірді Смышляева.
Құндылық пен күнделікті тәжірибе арасындағы алшақтық
Сонымен бірге сарапшы ресми түрде жарияланған құндылықтар мен мектептегі нақты тәжірибе арасында әлі де алшақтық болуы мүмкін екенін айтады.
Мәселен, мектеп оқушыны өз бетінше әрекет етуге шақырғанымен, одан тек бір ғана «дұрыс» жауап күтуі мүмкін. Адамгершілік қағидалары сынып сағаттары мен мерекелік іс-шараларда талқыланғанымен, күнделікті өмірде бала әділетсіздікке тап болса немесе оның пікірі ескерілмесе, мұндай тәрбиенің мәні әлсірейді.
Тәрбие мектептегі нақты ортамен тығыз байланысты болуы керек. Ересектер жанжалға қалай жауап береді, баланың пікірін тыңдай ма, оны қорғай ала ма – осының бәрі маңызды. Абай адамды ойлануға, еңбек етуге және ар-ұжданға сай әрекет етуге шақырды. Сондықтан менің ойымша, мектеп балаларға сұрақ қоюға және өз пікірін дәлелмен жеткізуге мүмкіндік беруі керек. Ал ересектер бұл қағидаларды өз ісімен көрсетуге тиіс, – деп атап өтті сарапшы.
Оның пікірінше, жарияланған құндылықтардың жай ғана сөз күйінде қалуы немесе бала тәрбиесінің бір бөлігіне айналуы көбіне ересектердің күнделікті іс-әрекетіне байланысты.
Нені өзгерту керек?
Абай айтқан қағидалар қазіргі мектепте шын мәнінде жүзеге асуы үшін Юлия Смышляева тәрбие іс-шараларының санын ғана емес, олардың нақты нәтижесін де бағалауды ұсынады.
Мектепте қауіпсіздік деңгейі артты ма, балалар жанжалдарды шешуді үйренді ме, жобаларға қатыса ма, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға дайын ба – осы мәселелерге назар аудару қажет.
Сондай-ақ оқушыларға көбірек дербестік беріп, зерттеу жүргізуге, пікірсайыстар мен оқушылардың өзін-өзі басқару жұмысына қатысуға, түрлі мамандықтармен танысуға және өз ортасына пайдасын тигізуге мүмкіндік берген жөн.
Сарапшы отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуды да маңызды бағыттардың бірі деп санайды. Оның айтуынша, бұл ретте мектептегі медиация жобалары да тиімді болуы мүмкін.
Педагогтерге қолдау көрсету де назардан тыс қалмауға тиіс. Мұғалімге кәсіби біліммен қатар балалармен сөйлесуге, жобалық жұмыстарға және оқушыларға жеке көмек көрсетуге уақыт қажет.
Бүгінде Абай мұрасы бізге де, балаларымызға да маңызды бағдар береді. Олар – білімге ұмтылу, өз бетінше ойлау, еңбек ету, жауапкершілік пен өзгелерді құрметтеу, – деп түйіндеді Юлия Смышляева.
Абай идеялары қазіргі мектеп үшін әдеби мұраның бір бөлігі ғана емес, тәрбиенің де маңызды бағдары болып қала береді. Оларды іс жүзінде жүзеге асыру білім беру ортасының баланы өз бетінше ойлауға, ісіне жауап беруге, өзгелерді құрметтеуге және алған білімін өмірде қолдануға қаншалықты үйрететініне байланысты.
Ең оқылған:
- Тағы бір өңірдің азаматтарына 13 мың теңгеден төлем беріледі
- 15 күндік жасырын камера: Пара алған кеденшілер мен шекарашылар жаппай қамауға алынды
- 1,6 млрд теңгелік жоба жаңбырға шыдамады: Алматыдағы аялдамадан су ақты
- Бір соққы жүректі тоқтатуы мүмкін: Бас прокуратура оқушыларға кеудеден ұрудың қауіптілігі туралы ескертті
- Өзбекстанға көлік алуға барған қазақстандық 10 мың долларынан айырыла жаздады
Мақпал ОРЫНБЕК