Жаңадан сайланған депутат Сенаттың жалпы отырысында ант берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат төрағасы күн тәртібіндегі бірінші мәселе ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамовтың ант беруі екенін атап өтті.
Өздеріңізге белгілі ақпан айында Мемлекет басшысының жарлығымен әріптесіміз Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы ҚР Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды. Осыған байланысты 27 сәуірде Қызылорда облысында өткен сайлауда ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы сайланды, - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Байқадамов өз кезегінде Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР-ның тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутатқа жүктелген міндеттерді адал атқаруға ант берді.
Айта кетейік, Наурызбай Байқадамов Конституциялық заңнама сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамында қызмет ететін болады. Ал Сенат депутаты Амангелді Нұғманов басқа комитетке ауысу туралы өтініш білдірді.