Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ADAL партиясының мүшелері Қазақстан халқының ұсыныс-тілектері, партияның жұмыс нәтижелері туралы, сондай-ақ Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексінде көрсетілген маңызды өзгерістер туралы айтты.
Партияның саяси кеңесінің мүшесі Олжас Ордабаев партия жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелері туралы хабарлады.
Ордабаевтың сөзінше, бүгінгі күні еліміздің барлық аймағында партия мүшелері халықпен 4216 кездесу өткізді. Оларға 95 мың адам қатысты. Партияға мүше болуға 200 мыңнан астам өтініш келіп түсті.
Тұрғындар көтерген проблемалық мәселе туралы айта отырып, ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелердің өзектілігін атап өтті.
Оның айтуынша, тұрғындардың елді мекендерінің негізгі проблемаларына жұмыссыздық, баспана жетіспеушілігі, азық-түлік бағасының өсуі және жолдың нашарлығы жатады.
ADAL партиясының мүшесі, Тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова ҚР жаңа Экологиялық кодексі туралы айтты. Бұл ADAL партиясының Instagram-дағы парақшасындағы тікелей эфир кезінде сөз болды.
Айта кетейік, Лаура Маликова жұмыс тобының мүшесі ретінде заң жобасын қарауға қатысқандардың бірі. Жаңа Экологиялық кодекс осы жұмыс тобының ұсыныстары негізінде және Еуропалық Одақтың тәжірибесін ескере отырып әзірленді. Өйткені бұл тәжірибе бірқатар елде атмосфераға шығарындылар көлемінің нақты айтарлықтай азаюын көрсететіндігімен ерекшеленеді.
Маликованың айтуынша, жаңа кодекс ауызсудың сапасын жақсартуға, өнеркәсіптік кәсіпорындардан атмосфераға шығарындыларды азайтуға, ауаны, қоршаған ортаны тазартуға, сонымен қатар тұрғындар арасында аурушаңдықты азайтуға көмектеседі.