Адал еңбек – табандылықтың жемісі

Мемлекет берген қолдауды дұрыс түсінген, тиімді пайдаланған жөн. Алыстағы Айшабибі ауылында шағын кәсібін жүргізіп, ас атасы – нан өнімдерін даярлайтын Тайырбек Төлентаевтың еңбегі көпке үлгі.

 жеке мұрағатынан Бүгiн 2026, 04:36
Бүгiн 2026, 04:36
160
Фото: жеке мұрағатынан

BAQ.KZ тілшісі ел экономикасына ерекше екпін қоспаса да, ауыл-аймақтың ажарын кіргізіп, азаматтарын жұмыспен қамтып отырған кәсіп иесімен тілдесіп қайтты.

Еліміздің экономикалық дамуы ең алдымен еңбекқор, бастамашыл азаматтардың белсенділігіне байланысты. Қай кезеңде болмасын, қоғамды алға сүйрейтін күш – нақты іс пен табанды еңбек. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес ел экономикасының берік тірегіне айналып отыр. Бұл сала халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірлердің әлеуетін арттыруға жол ашады. Әсіресе ауыл кәсіпкерлерінің еңбегі айрықша құрметке лайық. Себебі ауылдағы әрбір бастама тұтас бір елді мекеннің тыныс-тіршілігіне ықпал етеді. Солардың бірі – Жамбыл өңіріндегі Айшабибі ауылында еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер Тайырбек Төлентаев. Ол ауыл экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жандардың қатарында.

Тайырбек Анарқұлұлының еңбек жолы табандылық пен төзімнің үлгісі десек артық емес. Ол өз кәсібін нәсібінің бастауы деп түсінеді. Кәсіпкерлікке келу оның өміріндегі кездейсоқ шешім емес. Бұл – жылдар бойғы ізденіс пен тәжірибенің жемісі. Қалаға қоныс аударған сәттен бастап жаңа ортаға бейімделуге күш салды. Жаңа жер, жаңа орта, жаңа талаптар – бәрі де үлкен жауапкершілік жүктеді. Соған қарамастан, ол мойыған жоқ. Керісінше, қиындықтарды шыңдалу мектебі деп қабылдады.

Уақыт өте келе өз ісін бастауға бел буды. Айшабибі ауылындағы «Аман-ата» наубайханасы бүгінде көпшілікке танымал өндіріс орнына айналды. Бұл кәсіпорын ауыл тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Тайырбек Төлентаев үшін кәсіп – тек табыс көзі емес. Ол өз ісін елге қызмет етудің бір жолы деп біледі. Қоғам алдындағы жауапкершілікті әрдайым бірінші орынға қояды. Біз кәсіпкермен елге қоныс аударған сәттен бастап, наубайхана ашып, оны дамыту жолындағы ізденістері жайлы кеңінен сұхбаттасқан едік.

– Тайырбек Анарқұлұлы, әңгімені өзіңіздің еңбек жолыңыздың басталу кезеңінен бастасақ. Кәсіпкерлікке келуіңізге не себеп болды?

– 2003-2004 жылдар біздің әулет үшін үлкен бетбұрыс кезең болды. Сол жылдары облысқа қоныс аударып, жаңа ортаға бейімделу оңайға соқпады. Бастапқыда халық «За линией» атап кеткен аумақта тұрдық. Қала тіршілігіне үйрену, бала-шағаның оқуы, тұрмыстық жағдай – бәрі қатар келген шақ. Дегенмен, адамда ниет болса, алынбайтын асу жоқ екеніне сол кезде анық көз жеткіздім. Мен әрқашан «Ауыл – алтын бесік» деген ұғымды жүрегімде сақтадым. Әке-шешем Айшабибі ауылында тұрғандықтан, ауылға деген сағыныш бізді қайта тартып әкелді. Ауылдың ауасы, топырағы, адамдарының кеңпейілдігі ерекше ғой. Сол себепті алғашқы іскерлік қадамдарымды да ауылмен байланыстыруды жөн көрдім.

– Наубайхана ашу идеясы қалай туды?

– Нан – дастарханның берекесі. Қазақ «Ас атасы – нан» деп бекер айтпаған. Қай кезеңде де, қандай заман болса да, нанға деген сұраныс ешқашан тоқтаған емес. Адам баласы күнделікті тұрмысында ең алдымен нан іздейді. Сондықтан бұл саланың жауапкершілігі де үлкен деп ойлаймын. Ауыл ішінде жүріп, дүкен сөрелеріндегі өнімдердің сапасы мен жеткізілу тұрақтылығына мән бере бастадым. Кей кездері нан уақытында келмей қалатын жағдайлар да болатын. Осы мәселе мені ойландырды. Ауыл тұрғындары сапалы әрі жаңа піскен нанды күн сайын тұтынуы керек деп шештім. Сол сәттен бастап наубайхана ашу туралы ой санамда пісіп-жетілді. Әрине, кез келген істі бастау оңай емес. 2017 жылы нақты қадам жасауға бел будым. Айшабибі ауылындағы «Аман-ата» наубайханасының жұмысын қолға алдық. Алғашқы кезде қаржылық қиындықтар кездесті. Құрал-жабдық мәселесін шешу үшін біраз ізденуге тура келді. Заманауи пештер мен қажетті техникаларды алуға күш салдық. Маман табу да оңай болған жоқ. Нан пісіру – үлкен тәжірибе мен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Әр қызметкердің өз ісіне ұқыпты болғанын қаладым. Біртіндеп ұжым жасақталды. Жеткізу жолдарын реттеу де маңызды мәселе болды. Өнім уақытында жетпесе, сенім азаяды. Сондықтан көлік мәселесін де шештік. Дүкендермен келісімшарт жасап, тұрақты серіктестік орнаттық. Бастапқыда өндіріс көлемі аз болды. Күн сайын тәжірибе жинақтап, сапаны бақылауды күшейттік. Ең бастысы – тұтынушының сенімін ақтау еді. Адал еңбек пен табандылықтың арқасында жұмысымыз жүйелене бастады. Қазір цехта күніне бес түрлі 1200-1350 дана нан пісіріледі. Бұл – ауыл үшін аз көлем емес. Әр нанның сапасына ерекше мән береміз. Шикізатты сенімді жеткізушілерден аламыз. Гигиеналық талаптарды қатаң сақтаймыз. Өнімдеріміз тек Айшабибі ауылымен шектелмейді. Қала маңындағы елді мекендерге де тұрақты түрде жеткізіледі. Бүгінде жалпы саны 35 азық-түлік дүкенімен жұмыс істейміз. Бұл – үлкен жауапкершілік. Наубайханада тоғыз адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әрқайсысы – өз ісінің маманы. Олардың табысы – отбасының ырысы. Мен үшін жаңа жұмыс орнын ашу да үлкен жетістік. Себебі кәсіп тек жеке табыс емес, ол – қоғамға пайда әкелу. Уақыт өткен сайын өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Сапаны төмендетпей, керісінше жақсартуды мақсат етеміз. Нан – қасиетті ас, сондықтан оған деген құрмет те ерекше болуы керек. Осы ұстаным бізді алға жетелеп келеді,

– Мемлекеттік қолдау шаралары сіздің кәсібіңізге қаншалықты әсер етті?

– Мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп отырған қолдауы айтарлықтай деп нық сеніммен айта аламын. Соңғы жылдары кәсіпкерлерге арналған бағдарламалардың көбейгені байқалады. Бұл – бизнесті бастаймын деген адамға үлкен мүмкіндік. Әсіресе ауыл кәсіпкерлері үшін мұндай қолдаудың маңызы зор. Себебі ауылда қаржылық мүмкіндік әрдайым шектеулі болуы мүмкін. Осындай сәтте жеңілдетілген несие үлкен демеу болады. Пайыздық мөлшерлемесінің төмен болуы кәсіпкерге салмақ түсірмейді. Субсидия беру тетіктері де тиімді. Өндірістік шығындардың бір бөлігін өтеу – кәсібіңді кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар артық тексерістердің азаюы жұмыс істеуге қолайлы орта қалыптастырды. Бұрынғыдай қағазбастылық көп кедергі келтірмейді. Кәсіпкер уақытын есеп-қисаптан гөрі өндірісті дамытуға жұмсай алады. Бұл – өте маңызды өзгеріс. Біз де осы мүмкіндіктерді назардан тыс қалдырған жоқпыз. Қолдау бағдарламалары туралы ақпаратты мұқият зерттедік. Мамандармен кеңестік. Қажетті құжаттарды жинап, заң аясында әрекет еттік. Соның нәтижесінде кәсібімізді дамытуға нақты қадам жасай алдық. Мемлекеттік бағдарламалар сенім береді. Кәсіпкер өз еңбегінің қолдау табатынын сезінеді. Бұл рухани тұрғыдан да маңызды. Алдағы уақытта өндірісті кеңейту жоспары бар. Соның бірі – ПМ-70 автоматтандырылған пешін іске қосу. Бұл пеш өндіріс өнімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі қолмен атқарылатын кейбір процестер автоматтандырылады. Сонымен қатар лаваш шығаратын құрылғыны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл – өнім түрін көбейту деген сөз. Тұтынушылар сұранысын қанағаттандыру – басты мақсатымыз. Өнім ассортименті артқан сайын нарықтағы орнымыз нығаяды. Жаңа құрылғылар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі. Әр ашылған жұмыс орны – бір отбасының әлеуметтік жағдайының жақсаруы. Сондықтан өндірісті кеңейту біз үшін тек бизнес емес, әлеуметтік жауапкершілік. Мемлекеттік бағдарламалар болмаса, мұндай кеңею оңай болмас еді. Қаржылық салмақ тым ауыр болар еді. Ал қолдау тетіктері тәуекелді азайтады. Кәсіпкердің сенімін арттырады. Бастысы – берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалану. Біз әрқашан заң талаптарын сақтап, ашық жұмыс істеуге тырысамыз. Мемлекет пен кәсіпкер арасында өзара сенім болуы керек деп есептеймін. Осындай қолдаудың арқасында алдағы уақытта да кәсібімізді жаңа деңгейге көтереміз деген үміттемін.

– Карантин кезеңі көп кәсіпкер үшін сынақ болды. Сіздер бұл кезеңді қалай өткердіңіздер?

– Иә, ол кезеңді ешкім ұмытпайды. Ел басына күн туған шақта наубайхана жұмысы тоқтаған жоқ. Арнайы рұқсат қағаздарын алып, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, жұмыс істедік. Бір ай бойы жақын ауылдастарымызға, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға нан өнімдерін тегін тараттық. Бұл – жарнама немесе мақтан үшін жасалған іс емес. Қиындықта бір-бірімізге тірек болу – азаматтық борышымыз. Сол кезде қариялардың батасы мен аналардың алғысы бізге ерекше күш берді. Адамның шынайы байлығы – артында қалған жақсы ісі екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

– Ауыл тұрғындарымен қарым-қатынасыңыз қалай?

– Ауылда кәсіп жүргізудің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда сен тек өнім сатушы емес, сол ортаның бір мүшесісің. Көрші-қолаңмен араласып, қоғамдық жұмыстарға атсалысып, елдің қуанышына да, қиыншылығына да ортақтасу – басты қағида. Біздің өнімімізді тұрақты тұтынатын ауыл тұрғындарына алғысым шексіз. Олардың сенімі – біз үшін ең үлкен марапат. «Еңбек еткен адамның еңсесі биік» дейді ғой. Шынында да, адал еңбек қана абырой әкеледі.

– Отбасылық кәсіпті жалғастыру мәселесіне қалай қарайсыз?

– Кәсіп – мен үшін тек табыс көзі емес, ол – ұрпаққа қалатын аманат. Атадан балаға мирас болып қалатын дүние тек материалдық байлық емес, ең алдымен еңбекке деген көзқарас деп ойлаймын. Сондықтан отбасылық кәсіпті жалғастыру мәселесіне ерекше мән беремін. Ұлдарым наубайхананың жұмысын кішкентайынан көріп өсіп келеді. Олар өндірістің қалай жүретінін, нанның қалай пісірілетінін жақсы біледі. Әр процестің артында қанша еңбек жатқанын өз көздерімен көріп жүр. Бұл – үлкен мектеп. Мен оларға ешқашан «міндетті түрде осы істі жалғастырасыңдар» деп талап қойған емеспін. Бірақ адал еңбектің қадірін түсінсін деймін. Кәсіптің оңай келмейтінін ұғынса деймін. Әр табыстың артында маңдай тер бар екенін сезінсе деймін. Болашақта отбасылық кәсіпті дамытып, жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Заманауи технологияларды енгізіп, ауқымын кеңейтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әр әке баласына адалдықты үйретуі керек деп есептеймін. Адалдық – кез келген істің іргетасы. Несібені адал жолмен тапсаң ғана береке болады. Берекесіз табыстың баянды болмайтынын өмір көрсетіп келеді. Сондықтан біз үшін басты ұстаным – тазалық пен жауапкершілік. Өнім сапасына да, адамдармен қарым-қатынасқа да осы қағиданы негіз етеміз. Көпшілік «жұмысы ауыр ғой» деп айтып жатады. Иә, нан пісіру – оңай шаруа емес. Таңғы ерте тұру, ыстық пештің жанында жұмыс істеу, үздіксіз қозғалыс – бәрі де шыдамдылықты талап етеді. Бірақ еңбек еткен адамның еңсесі биік болады. Маңдай термен келген табыстың дәмі ерекше. Ондай табыс жанға жылулық сыйлайды. Балаларыма да осыны үнемі айтып отырамын. Қандай істі таңдаса да, адал болсын деймін. Халықтың сенімін ақтау – ең үлкен жауапкершілік. Бізге сеніп нан алатын әр отбасының үміті бар. Сол сенімді сақтау – парыз. Отбасылық кәсіптің артықшылығы – бірлік пен түсіністік. Үйдегі тәрбиемен жұмыстағы тәртіп ұштасып жатады. Мен үшін кәсіп – тек бизнес емес, өмір салты. Ол – тәрбие құралы. Ол – жауапкершіліктің мектебі. Ұрпақ осы мектептен өтсе, болашақта қандай салада жүрсе де адаспайды. Еңбекке адалдық бар жерде өсім бар. Сабыр мен табандылық бар жерде нәтиже бар. Сондықтан отбасылық кәсіпті жалғастыру – мен үшін үлкен үміт пен сенімнің көрінісі.

– Сіз «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдыңыз. Бұл марапат сіз үшін нені білдіреді?

– Бұл – менің ғана емес, ұжымымның еңбегіне берілген баға. Тоғыз қызметкерімнің маңдай тері, отбасының қолдауы, ауыл тұрғындарының сенімі – осы марапаттың негізі. Мұндай құрмет адамға жауапкершілік жүктейді. Әлі де ел игілігі үшін еңбек етуге ынталандырады.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Өндірісті кеңейту, өнім түрін көбейту, сапаны одан әрі жақсарту – басты мақсат. Жаңа технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырғымыз келеді. Сонымен қатар ауыл жастарын жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікке баулуға үлес қосқымыз келеді. Ауыл – болашақтың тірегі. Оны дамыту әрқайсымыздың борышымыз. Егер әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етсе, еліміздің де еңсесі биік болады.

Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, қандай істі бастасаң да қорықпау керек дер едім. Қорқыныш – адамның алға басуына кедергі келтіретін ең үлкен тосқауылдардың бірі. Әрине, жаңа іс бастау әрқашан тәуекелді талап етеді. Бірақ тәуекелсіз табыс болмайды. Ең бастысы – ниет пен табандылық. Егер адамның мақсаты айқын болса, ол міндетті түрде соған жетудің жолын табады. Жастарға айтарым, өздеріңізге сеніңіздер. Сенім бар жерде жігер болады. Жігер бар жерде нәтиже болады. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер беріліп отыр. Түрлі бағдарламалар, гранттар, жеңілдетілген несиелер – барлығы да талапты жандарға арналған. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Уақытты бос өткізіп алмай, іздену керек. Жеңіл жол іздеу – уақытша ғана пайда әкелуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді жетістікке жеткізбейді. Адал еңбекті таңдаған адам ешқашан ұтылмайды. Еңбек еткен адамның тәжірибесі артады. Тәжірибе – ең қымбат капитал. Қателесуден қорықпау керек. Әр қателік – сабақ. Әр сабақ – өсуге мүмкіндік. Қазіргі жастар білімді, көзі ашық. Технологияны меңгерген. Осы артықшылықты дұрыс бағытта қолданса, үлкен жетістіктерге жетеді. Ауылда да мүмкіндік бар. Қалада да мүмкіндік бар. Бастысы – әрекет ету. Арманды кейінге ысыра беруге болмайды. Бүгін басталған іс ертең нәтиже береді. Сабыр сақтауды да ұмытпау керек. Кез келген табыс бір күнде келмейді. Төзімділік пен тұрақтылық маңызды. Қиындық кездессе, мойымау қажет. Қиындық – шыңдалудың бір жолы. Айналадағы адамдардың пікіріне тым тәуелді болмаңыздар. Егер мақсатыңыз дұрыс болса, алға қарай жүре беріңіз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – қай заманда да бағалы қасиет. Адалдықты серік етіңіздер. Уәдеге берік болыңыздар. Қай салада жүрсеңіздер де, сапаны бірінші орынға қойыңыздар. Халықтың сенімі – ең үлкен капитал. Менің өмірлік тәжірибемнен түйгенім – еңбек адамды өсіреді. Еңбек адамды тәрбиелейді. Еңбек адамды шыңдайды. Сондықтан жастарға айтарым, өз жолдарыңызды табудан қорықпаңыздар. Батыл болыңыздар. Ізденіңіздер. Ең бастысы – адал болыңыздар. Сонда ғана еңбектеріңіздің жемісін көресіздер.

«Кәсібің – нәсібің» деген сөз бекер айтылмаған. Әркім өз ісін сүйіп атқарса, несібесі де соған сай болады. Береке мен бірлік бар жерде – даму бар. Тайырбек Төлентаевтың өмір жолы – табандылық пен адал еңбектің айқын үлгісі. Қарапайым ауыл тұрғыны бола тұра, ол кәсіпкерлік арқылы тек өз отбасының ғана емес, тұтас бір ауылдың әлеуметтік тұрмысына үлес қосып отыр. Күн сайын мыңнан астам нан пісіріп, ондаған дүкенді қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Оның үстіне қиын-қыстау кезеңде елге сүйеу болу – нағыз азаматтықтың белгісі. Еңбекке адалдық, елге жанашырлық, болашаққа сенім – Тайырбек Анарқұлұлының өмірлік ұстанымы. Осындай азаматтар барда ауыл да, ел де өркендей беретіні анық.

Наверх