2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында топтық кезеңнің екінші тур матчтары жалғасуда. F тобында Нидерланды құрамасы Швецияны 5:1 есебімен ойсырата жеңіп, плей-офф кезеңіне шығуға айтарлықтай жақындай түсті.
Рональд Куман шәкірттері матчтың алғашқы минуттарынан-ақ басымдық танытты. Қос голдың авторы атанған Брайан Бробби мен Коди Гакпо команда жеңісіне зор үлес қосты. Тағы бір голды Крисенсио Саммервилл соқты. Швеция сапындағы жалғыз жауап добын Энтони Эланга енгізді.
Осы жеңістен кейін Нидерланды құрамасы төрт ұпаймен F тобында көш бастады. Ал Швеция соңғы турда Жапонияға қарсы матчта плей-офф жолдамасы үшін күреседі.
Сонымен қатар Е тобындағы маңызды кездесуде Германия құрамасы Кот-д’Ивуарды 2:1 есебімен жеңді.
Кездесуде есепті 30-минутта Кот-д’Ивуар жартылай қорғаушысы Франк Кессье ашқан. Алайда екінші таймда ойынға қосылған Дениз Ундав немістерді құтқарып қалды. Ол алдымен 68-минутта таразы басын теңестірсе, матчтың қосымша уақытында жеңіс голын соқты.
Осылайша Германия құрамасы екі турдан кейін алты ұпай жинап, Е тобында жеке-дара көш бастады. Ал Кот-д’Ивуар үш ұпаймен екінші орында тұр.
Тағы бір кездесуде әлем чемпионатының дебютанты Кюрасао құрамасы Эквадормен 0:0 есебімен тең түсіп, өз тарихындағы алғашқы әлем чемпионаты ұпайына қол жеткізді. Бұған дейін олар Германиядан 1:7 есебімен жеңілген болатын.
Екі тур қорытындысы бойынша Е тобындағы жағдай мынадай: Германия – 6 ұпай, Кот-д’Ивуар – 3 ұпай, Кюрасао – 1 ұпай, Эквадор – 1 ұпай. Соңғы турда Германия Эквадормен, ал Кюрасао Кот-д’Ивуармен кездеседі.