Сауд Арабиясының королі Салман бен Абдулазиз Әл Сауд Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында ұлттық құраманың бірінші ойындағы жеңісіне орай 23 қарашаны демалыс күні деп жариялады, деп жазады BAQ.KZ.
С тобында сынға түсетін Сауд Арабиясы алғашқы ойында Аргентина құрамасын 2:1 есебімен жеңген болатын.
Араб футболшылары өз тарихында тұңғыш рет Аргентинаны жеңді. Бұған дейін екі құрама төрт мәрте кездесті. Екеуінде Аргентина басым түссе, екеуінде есеп тең аяқталды.
1988 жылы 6 шілдеде 2:2, 2012 жылы 14 қарашада 0:0 есебімен тең түсті. Ал Аргентина 1988 жылы 16 шілдеде 3:1, 1992 жылы 20 қазанда 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Келесі матчта 26 қарашада Сауд Арабиясы құрамасы Польша құрамасымен ойнайды. Ал соңғы турда – Мексикамен.