Әбжанов: Саяси баға беріп, бір ғана құжатпен барлығын ақтау қажет

29 Мамыр 2021, 20:15
2247
Бөлісу:
Әбжанов: Саяси баға беріп, бір ғана құжатпен барлығын ақтау қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Азаматтық алаң» отырысында тарихшылар мен қоғам белсенділері Кеңес одағы кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың ақталу мәселесін талқылады.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Миллондаған адам бас бостандығынан айырылды, мыңдаған арыстарымыз жазықсыз атылып, халықтың көбі ашаршылық құрбаны болды.   

Сол заманның соқыр саясатының құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде мемлекеттік деңгейде іс-шаралар жүзеге асырыла бастады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен былтыр тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмысын бастады.

Отырысқа төрағалық еткен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов Репрессия құрбандарын ақтау күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі екенін айтып өтті.

31 мамыр – мереке емес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл мәселе бойынша өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылған. Қазіргі таңда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Ең алдымен ғылыми негіздемесін жасап, соның қорытындысы бойынша мемлекеттік идеологияны жүргіземіз, - деді Болат Тілепов.

Отырыс барысында Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Хангелді Әбжанов зобалаң құрбандары болған Алаш арыстарын ардақтау мәселесінде қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қай заманда болмасын, қай қоғамда болмасын, адамның басты байлығы – өмірі, денсаулығы және бостандығы. Осы үш құндылықтың айрықша сезілген дәуірі отарлаушы кезеңдер. Репрессия кезеңі өте ауыр зобалаң болды. Талай арыстарымыз жазықсыз жазаланып, талай қазақ босып кетті. Бүгінде соларды ақтау жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жайлы Мемлекеттік комиссия құрылғанымен қазіргі таңда 10-20 мың емес, жүздеген мың адам ақталмай әлі жатыр. Ақтау процессі әлі да баяу жүріп жатқандай көрінеді. Көп создырудың қажеті жоқ. Бір ғана шешім керек. Саяси баға беріп, бір ғана құжатпен барлығын ақтау қажет. Ал одан кейін процесс тоқтамастан жүре береді. Бастысы, қазір барлығын бір ғана шешіммен ақтау ғана қалып тұр, – деп атап өтті Хангелді Әбжанов.

Ал Кеңес одағы кезіндегі оспадар саясат туралы Тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы Шәмек Тілеубаев айтып берді.

Экономикалық саботаж деген мәселе де бар. Олар да жазықсыз жазаланды. Олар енді кәдімгі шаруалар. Жоспарланған салықты төлей алмағандары үшін жазықты болды. Ал қандай салық дейсіз бе? Жұмыртқаға салық салған. Қазіргі қазақтар ғой, тауық ұстайтын. Ол кезде қазақтар арасында үй құстарын асырау деген сирек кездескен. Міне, осындай оспадар саясатты пайдаланған Кеңес үкіметі қазақтарды осылай қыра берген, - деді Шәмек Тілеубаев.

Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Гүлмира Сұлтанғазы Репрессияға байланысты құжаттардың көбі Грузия мен Украинада сақталғандығын алға тартып, сол елдердің ғалымдарымен келісім жасау арқылы архивтерге қол жеткізу қажеттігін айтса, «Шалқар» радиосының директоры, Философия ғылымдарының докторы Болатбек Төлепберген Алаш арыстары әлі дұрыс ардақталмай жатқандығын жеткізіп, телеарналарда фильмдерді, баспасөздерде фотоальбомдарды жариялау қажет деген пікір айтты. Ал «Қазақ жастары Алаш арыстарын ардақтай алып жүр ме?» тақырыбында «Айқын» газетінің жауапты хатшысы Амангелді Құрметұлы әлеуметтік желілерге жарияланып жүрген Алаш арыстары туралы контентке де құзырлы органдар тарапынан бақылаудың болуы керектігін жеткізді.

Айта кетейік, «Азаматтық алаң» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Оған тарихшылар, қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер, блогерлер, журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жалпы танымал тұлғалар қатысты. «Азаматтық алаң» отырысында көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар тиісті органдарға ұсыным ретінде жіберілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы