Абсатовтар кеншілер әулетінің жалпы еңбек өтілі 300 жылға жуықтады

Бүгiн, 14:29
135
Бөлісу:
Абсатовтар кеншілер әулетінің жалпы еңбек өтілі 300 жылға жуықтады

Қарағанды облысының Шахтинск қаласының тұрғындары Абсатовтар әулетінің бірнеше буыны табан аудармай бір кеніште еңбек етеді. Әулетінің жалпы еңбек өтілі 300 жылға жуықтаған, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Шахтинск қаласының іргесіндегі «Qarmet» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында еңбек ететін Абсатовтар әулеті кеншілер отбасы ретінде көпке танымал. Әулеттің ұлдары мен келіндері осы шахтадан табан аудармай жылдар бойы жұмыс істеп келе жатыр.

Отбасымызда сегіз ағайындымыз. Әкеміз Абсат өмірден ерте өтті. Анамыз бізді жалғыз өзі өсіріп-тәрбиеледі. Шахтаға ең бірінші болып ағаларымыз Сембі, одан кейін Сембек пен Кеңес жұмысқа орналасады. Міне осы уақыттан бастап кеншілер әулетінің дәуірі басталды десек те болады. Кеңес Абсатов ағамыз «Қазақстан» кенішінде рельсті тасымалдау бөлімінің электровоз машинисті болып 53 жылдан астам еңбек етті. Ағам Сембек Абсатов шахтаның рельсті тасымалдау бөлімінің жер асты оқпаншысы болып 48 жылдан астам уақыт бойы шахтада жұмыс істеді. Менің де еңбек өтілім 40 жылға жуықтады. Бұл біздің отбасылық мамандық десе де болады. Әйелім Сәуле де, бауырларым мен келіндерім де осы кеніште еңбек етеді, - дейді көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері Марал Жамбеисов.

Бүгінде Марал Жамбеисов «Қазақстан» кенішінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, ал жары Сәуле Жамбеисова кеніштің автоматика және байланыс бөлімінде телефонист болып жұмыс істейді. Абсатовтар әулетінің үшінші буыныТалғат Абсатов, Жанат Абсатов, Мұрат Абсатов, төртінші буын Жанат Абсатовтың ұлы Әлібек Абаев пен келіндері Ғайни Абсатова, Рымбала Абсатова, Гүлназия Жампеисова да осы кеніште еңбек етеді.

 

Өзгелердің жаңалығы