Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев ел халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.
Құрметті қандастар! Ардақты ағайын! Сіздер арқылы алыс-жақын шет елдерде тұратын барша қаңдастарымызды Ұлы дала елінің ең ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Міне, біз биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын қарсы алып, жасампаз еліміз жарқын болашаққа жаңа қадам жасап отыр. Қазақы тілмен айтқанда, қазір нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттар басында тұрмыз, -деді Әбіқаев,
Оның атап өтуінше, Тәуелсіздік ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артқан белес.
Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, халықтың бекем бірлігі арқасында сынақтардан сүрінбей өтіп келеміз. Бүгінгі таңда Қазақстан тұғыры берік, тұлғасы биік ел болып, төрткүл дүние таныған мерейі үстем мемлекетке айналды. Бұл жетістікке сіздердің де қосқан үлестеріңіз қомақты екені сөзсіз. Сонымен қатар былтырдан бері жер-жаһандағы адамзат атаулыға қатер төндіріп, күллі әлемді күрделі күйге түсірген қауіпті індеттің өршіген кезінде әрқайсыңыздың жанашырлығыңызды жан-дүниемізбен сезіндік. Қайғыға душар болып, қара жамылған қаншама шаңыраққа қайырымдылықпен қарасқан тілеулес пейіл, ниеттес көңілдеріңіз үшін Сіздерге ризалық білдіріп, шексіз алғыс, -деді ол.
Нұртай Әбіқаев сөзінше, шетелдегі және елімізге көшіп келген ағайынды қолдау бағытында атқарып жатқан ауқымды жұмыстар ешқашан тоқтамайды.
Сіздердің отбасыларыңызға, әрбір қазақ бауырымызға зор денсаулық, амандық-саулық және ізгі істеріңізге табыс тілеймін! Ұлы Даланың ұлы тағдырын айқындаған Тәуелсіздік күні құтты болсын, ағайын!, -деді Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті.