Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, «Терминдердің БАҚ саласында орнығуының мәселелері» атты баяндамасында оралман сөзіне «қандастар» сөзі балама бола алмайтынын айтты.
«Оралман» сөзіне байланысты мынаны айта аламыз. Оралман – «репатриант» ұғымына балама ретінде бекітілген сөз. Репатриация деп соғыс тұтқындарының, көшірілген адамдардың, босқындардың, аннексияланған жер тұрғындарының туған елге оралуын айтады. Ман, мен – сөзжасамдық жұрнақтар. Аларман, шабарман деген сияқты үлгімен кейіннен тыңдарман, оқырман, көрермен түріндегі сөздер жасалғаны белгілі. Сол үлгімен елге оралған адамдар оралман атанды. Атап айтамыз – оралған адамдар» - дейді ол Парламент Мәжілісінде өткен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-практикалық конференция кезінде.
Оның ойынша, оралман сөзіне «отандастар» да, «қандастар» да балама бола алмайды.
«Бірақ қазір туған елдің төріне тәуелсіздік туы тігілгенде дүниенің төрт бұрышынан жиналып жатқан қандастарымыздың бәрі бірдей елге қайта оралғандар емес қой. Олардың арасында он алтыншы жылдың үркіншілігінен, отыз екінші жылдың ашаршылығынан ел ауып кеткендердің ұрпақтарының үлес салмағы онша көп дей алмаймыз. Бәрі дерлік атам заманнан қазақ өзінің атамекені деп білген, бағзыдағы бабалары туып-өскен жерде тұрып жатқандар. Демек, қандастарымыздың басым бөлігінің тарихи отанына ұмтылысын, Қазақстанға көшіп келуін тікелей репатриацияға толық жатқыза алмаймыз. Сондықтан да бұл бағыттағы ізденіс жалғаса беретін болады деп шамалаймыз. Қазір ұсынылып жүрген «отандастар», «қандастар» сөздері де дәл келмейді. Қазақстандықтардың бәрі де – отандастарымыз, қазақтардың бәрі де – қандастарымыз» - дейді депутат.