Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» алғаш рет балет сахнасына шықты

Абай театры жаңа маусымын «Ақбала» премьерасымен ашады. Трилогиядағы күрделі адам тағдыры енді сөзбен емес, музыка мен хореография арқылы баяндалады.

11 Қыркүйек 2026, 10:04
АВТОР
 ©Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 11 Қыркүйек 2026, 10:04
11 Қыркүйек 2026, 10:04
54
Фото: ©Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-ші театр маусымын қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларының бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы желісімен қойылған «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен ашады.

12-13 қыркүйекте өтетін премьера – театр тарихындағы ерекше мәдени оқиғалардың бірі. Себебі жазушының әйгілі трилогиясы алғаш рет балет өнерінің тілімен сахналанып, кейіпкерлер тағдыры хореография, музыка, пластика және сахналық бейнелер арқылы жаңаша пайымдалады.

Трилогия балет тілімен жаңаша баяндалады

«Ақбала» қойылымының өзегінде тарихи өзгерістер кезеңіндегі адам тағдыры жатыр. Спектакльде әсіресе әйелдің өмірі, оның махаббаты, үміті, жан жарасы, таңдауы мен ішкі арпалысына басымдық берілген.

Балетте сөздің орнын қимыл басады. Кейіпкерлердің сезімі мен қарым-қатынасы пластика, ишара, көзқарас және музыка арқылы жеткізіледі. Осылайша көрерменге «Қан мен тер» шығармасындағы таныс оқиғалар мен образдарды басқа көркемдік кеңістіктен көруге мүмкіндік беріледі.

Қойылымда жеке адамның тағдыры тұтас бір дәуірдің драмасымен астасады. Арал өңірінің қасіреті, теңіздің тағдыры, ана мен бала арасындағы байланыс, қираған шаңырақ және жоғалып бара жатқан өмір бейнелері спектакльдің маңызды символдарына айналған.

Әйел тағдыры мен Арал қасіреті

«Ақбаланың» басты тақырыптарының бірі – күрделі тарихи кезеңдегі әйел тағдыры. Кейіпкердің махаббаты мен аналық сезімі, жоғалтулары мен үміті, ішкі таңдауы хореографиялық тіл арқылы ашылады.

Спектакль шығарманың әлеуметтік және тарихи ауқымын сақтай отырып, адам мен заман арасындағы күрделі байланысты алдыңғы орынға шығарады. Арал теңізінің трагедиясы да жеке кейіпкерлердің өмірімен сабақтасып, қойылымның драматургиялық желісін тереңдете түседі.

Шығармашылық топтың пайымынша, спектакль қазақ әдебиетінің белгілі туындысын қайталап сахналауды емес, оны XXI ғасыр көрерменіне заманауи хореографияның мүмкіндіктері арқылы қайта ұсынуды көздейді.

Қойылымды халықаралық шығармашылық топ әзірледі

«Ақбала» балетінің музыкасын композитор Аружан Октябрь жазған. Хореограф-қоюшы – Германиядан келген Аршак Галумян, либретто авторы – Шынар Омарова.

Қойылымның дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов. Сценографиясын италиялық суретші Элеонора Перонетти әзірлеген. Хореограф ассистенті – Томас Клейн (Германия), жарық суретшісі – Татьяна Мишина (Ресей), костюм суретшісі – Азиза Саимова.

Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Түткебаева. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Темірбекова.

Жаңа қойылым отандық хореография өнерінің көрнекті өкілдері Людмила Рудакова мен Эдуард Мальбековтің рухына бағышталған.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 93-ші маусымының ашылуына арналған «Ақбала» премьерасы 12 және 13 қыркүйекте көрермен назарына ұсынылады.

Бұл қойылым арқылы қазақ әдебиетінің классикалық туындысы алғаш рет балет сахнасының көркемдік тіліне көшіріліп, махаббат, ана мен бала, адам тағдыры және уақыт туралы жаңа сахналық хикая ұсынылады.

Наверх