Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті мұзда адамдардың қаза болуы мен жарақаттануына жол бермеу мақсатында көшпелі брифинг өткізді.
Брифинг барысында №1 лицей-мектебінің оқушыларына сабақ өткізілді. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді көрнекі көрсету арқылы профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Сондай-ақ, судан құтқару станциясы базасында жедел-құтқару жасағы адам мұз астына құлап кеткен жағдайда құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша іс-қимылдарды пысықтады.
Елордалық ТЖД адамдардың суда қаза болуына жол бермеу мақсатында үгіт-профилактикалық жұмыстарын белсенді түрде жүргізеді. Биыл қазан айынан бастап департамент қызметкерлері қаламыздың оқу орындарында "Абайлаңыз, жұқа мұз" және "Үсік шалу кезіндегі алғашқы медициналық көмек көрсету қағидалары" тақырыптарында көшпелі сабақтар өткізді. Қазіргі уақытта департамент қызметкерлері 3275 оқушыны қамти отырып, қаланың 35 мектебіне барды, - делінген хабарламада.Қала мектептерінде "Тұрғындардың қыс мезгілінде, оның ішінде мұздағы қауіпсіздігі", "Үсік шалу кезіндегі алғашқы медициналық көмек көрсету қағидалары", "Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі қағидалары" тақырыптарында 84 мектептің қатысуымен 3300 оқушыны қамти отырып, интерактивті сабақтар өткізілді.
Департаменттің аудандық бөлімшелерінің қызметкерлері ПД ЖПҚ-мен бірлесіп, мұз үстінде балық аулау орындарында рейдтік шаралар жүргізеді. Бүгінгі таңда 14 рейд жүргізілді, 304 жадынама мен парақша таратылды. Балықшыларға мұз үстіндегі қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті мұздағы қарапайым қауіпсіздік шараларын еске салады. Мұздан өту кезінде тыйым салынады:
- қатпаған мұздың үстіне шықпаңыз;
- топ құрып, мұздың бір аумағында жиналмаңыздар;
- мұздың жарық жерлеріне жақындамаңыз;
- көлікпен жағадан алыс жерлерге бармаңыз;
- мұздың үстіне қараңғы уақытта шықпаңыз;
- мұзға жеке құтқару құралынсыз (құтқару шеңбері, кеудешелер) шығуға тыйым салынады;
- мұзда шектеулі аймақта екіден артық ойық жасауға болмайды;
- мұздың үстінде от жақпаңыз.