Абайдың Нарқызылы алдына қара салмады

14 Тамыз 2022, 11:41
1773
Бөлісу:
Абайдың Нарқызылы алдына қара салмады
PHOTO
Фото: автордан

Бүгін Қостанайда бәйгеден Қазақстан Кубогының III кезеңі өтті, деп хабарлайды Қостанайдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылындағы «Арғымақ» атшабарында бәйге жарысының республикалық чемпионаты бәйгенің үш түрін қамтыды. Еліміздің әр түкпірі мен Қостанай облысының аудандарынан 70-ке жуық атбегілердің шашасына шаң жұқпас сәйгүліктері жас ерекшеліктері бойынша құнан, топ және аламан бәйгесіне қатысып, баптары мен бақтарын сынады.

Абайдың Нарқызылы алдына қара салмады

Қостанай жерінде өткен арғымақтардың сынға түскен бәсекесінің өтуіне ұйытқы болған республикалық және облыстық «Бәйге» федерациясы мен Қостанайдағы ұлттық ат спорты федерациясы екенін айта кеткен жөн. Ал, қатарынан қара үзіп келіп, мәре сызығын артта қалдырған жүйріктердің жүлде қорын «Olimpbet» букмекерлік кеңсесі тағайындап отыр. Қостанайда өткен бәйгеден Қазақстан Кубогының III кезеңінің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ «Арғымақ» атшабарында өткен бәйгенің қай түрінде болмасын алдыңғы келген бес атқа түрлі мөлшерде сыйақы берілді. 

Биыл елімізде ат спортына, соның ішінде бәйгеге ерекше көңіл бөлініп отырғаны көңіл қуантады. Осыған дейін бәйгеден ел чемпионаты мен кубогі бір мезетте өтіп келді. Одан кейін ұсақ бәйгелер болмаса ірі жарыстарды көру мүмкін емес еді. Ал, ата спортымыздың жан-жақты ұйымдастырылған түрде бір демеушінің қомақты қаражат бөлуімен өтуі бұрын-соңды болған емес. Бұл атбегілері мен иелеріне өте бір жақсы жағдай, - дейді облыстық ат спорты федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов.

Ел чемпионаты жалпы алты кезеңнен тұрса, оған жұмсалатын жүлде қорының өзі 100 млн теңгені құрайды. Енді алдағы кезеңдер Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтсе, соңы қазан айында Алматы қаласында қорытындыланады.

Сонымен 10 шақырымда сынға түскен 19 құнан арасынан Қарағанды облысының үкілеп қосқан жүйрігі «Тайфун» есімді арғымақ қатарынан қара үзіп, жеңімпаз атанды. Ал, он алты шақырымнан тұратын топ бәйгеде 20 жүйріктен суырылып алға шыққан алматылық Телқоңырға талайлар таңдай қағып жатты. Бәйгенің ең шешуші кезеңі жиырма екі шақырымнан тұратын аламанда 22 жүйрік арасында Абай облысының Нарқызылы алдына қара салмады. Осылайша ол бәйгеге тігілген 4 млн теңгені қанжығасына байлады.

Абайдың Нарқызылы алдына қара салмады

Осы орайда Қостанай жеріне жиналған сәйгүліктерді тізгіндеген шабандоздардың еңбегі де ерекше. Сондай тәжірибелі шабандоздардың бірі –Қарағанды облысынан келген Мирлан Нұрболат. Шынашақтай қазақтың баласы бұған дейін де еліміздің байрақты бәсекелерінде астындағы арғымағымен биік белестерді бағындырып келеді. Ол бүгінде өз биігінен көрінді, Мирлан топ пен аламан бәйгеде де ауыздықтаған сәйгүлігі екінші орындарға ие болды.

Абайдың Нарқызылы алдына қара салмады

Менің жалпы атқа деген қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. 9 жасымнан бәйгеге шабандоз болып келем. Шабандоз үшін астындағы атының қыр-сырын біліп, күшін сарқып алмау - абырой,- дейді жас шабондоз  Мирлан Нұрболат.

Өзгелердің жаңалығы