Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінде Қазақстан мен Испания арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі және Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін Комплутенс университетінің филология ғылымдарының докторы Мария Санчес Пуиджге ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстау рәсімі өтті.
Іс-шараны ашқан Қазақстан Елшісі Константин Жигалов ЮНЕСКО-ның қолдауымен бұл салтанатты күн бүкіл әлемде кеңінен атап өтілетінін және бұл әлемдік деңгейдегі данышпандар қатарына жатқызуға лайық адамға деген құрмет екенін атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет 10 тамызды «Абай күні» деп белгілеп, оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізді.
К. Жигалов жоғары мемлекеттік награданы табыстай отырып, Абайдың испан тіліндегі «Қара сөздері», Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының, қазіргі қазақ прозасының антологиясының және т.б. тамаша аудармаларымен, сондай-ақ жоғары деңгейдегі сапарлар барысында аудармашы ретіндегі жоғары кәсіби жұмысымен М.Санчес Қазақстан мен Испания халықтары мен мәдениеттерінің жақындасуына белсенді ықпал еткенін атап өтті.
Өз кезегінде М. Санчес ел басшылығына осындай жоғары марапат үшін шын жүректен алғыс айтты. Ол Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын аудару жұмысы барысында оның идеялары мен саясатына тереңдеудің арқасында үлкен құрмет сезіміне толғанын айтты.
Абайдың «Қара сөздерін» келтіре отырып, ол данышпанның сөздері «қазақ халқының жан дүниесінің тереңдігін және оның прагматикалық дамуға деген ұмтылысын көруге» көмектескенін атап өтті. Ол Абайды өз заманының ұлы философтарының бірі деп атап, оның көптеген ойлары осы күнге дейін маңызын жоғалтпағандарын айтты.
Іс-шараға Испания СІМ-нің Солтүстік Америка, Шығыс Еуропа, Азия және Тынық мұхит өңірі елдері бойынша Бас директоры Ана Саломон, Еуропарламенттің бұрынғы Бірінші вице-президенті – ІІ дәрежелі «Достық» орденінің кавалері Алехо Видаль-Куадрас, сондай-ақ Испанияның қоғамдық-саяси және іскер топ пен БАҚ өкілдері қатысты.