Абай облысында орын алған алапат орман өртін сөндіруге Түркия мен Өзбекстан көмектесуге дайын екендерін айтқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Сыртқы істер министрлігінің желісі арқылы ондай ақпарат келіп түскен жоқ. Мүмкін, профильдік министрліктер арасында өздерінің келісімдері бар шығар. Бірақ біз арқылы ондай көмек ұсынылған жоқ, - деді ол.
Айтуынша, төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттің өзінің күші жетпесе, сырттан көмек сұрауға жүгінеді.
Әзірге көмек сұраған жоқпыз. Маған белгілісі, 1-2 мемлекет көмек көрсетуге дайын екендерін білдірді. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы телефон арқылы сөйлесті, біздің министр телефон арқылы сөйлесті, - деді Айбек Смадияров.
Белгілі болғандай, көмек ұсынған елдер қатарында Түркия мен Өзбекстан бар.
Бұған дейін Абай облысындағы өрт кезінде жоғалып кеткен Сергей Архиповтың денесі табылғаны хабарланды.