Абай облысының аудандарында көпбалалы отбасыларға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақсуат ауылында 25 көпбалалы отбасыға баспана кілті табыс етілді. Аудан әкімі Асхат Смайылов Ақсуат өңірінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Өңірде түрлі санаттағы баспана кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету - саясаттың негізгі бағытының бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады, - деді Асхат Смайылов.
Аудандағы тұрғын үй құрылысы 27%-ға өсті: 2022 жылы 3182 ш.м., ал 2023 жылы 4038 ш.м. үй салынды.
Сондай-ақ Жарма ауданы Қалбатау ауылында Искаков көшесінен 20 жаңа пәтердің кілті көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топ тұрғындарына табыс етілді. Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров жаңа пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, құрылыс қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
Баспана мәселесін шешу үшін Кешенді жоспар қабылданып, жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады. Тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыруды жоспарлап отырмыз, - деді аудан әкімі.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Қалбатау ауылында барлығы 30 көпқабатты тұрғын үй, оның ішінде 3 қабатты және екі пәтерлі үй салынып жатыр. Бұл жергілікті тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға ықпал етеді.