Абай, Жетісу, Ұлытау: Жаңа облыстарда 1,5 млн адам тұрады

13 Маусым 2022, 12:41
1947
Бөлісу:
Абай, Жетісу, Ұлытау: Жаңа облыстарда 1,5 млн адам тұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа облыстарда 1,5 млн-дай тұрғын барын айтты.

Бұл аумақтарды құру 935 мың шаршы км аумақта тұратын шамамен 5 млн тұрғынның өміріне әсер етеді. Оның ішінде ауданы 493 мың шаршы шақырым болатын Абай, Жетісу, Ұлытау жаңа облыстарында шамамен 1,5 млн адам тұрады. Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысындағы осы өзгерістер әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңгерімсіздікті төмендету және өңірлердің аумақтық байланысын қамтамасыз ету негізіне бағытталған жаңа өңірлік саясаттың басымдықтарына толық сәйкес келеді, - деді министр.

Айтуынша, Семей, Жезқазған және Қонаев қалаларының облыс орталықтары мәртебесін қайтарумен дамуға жаңа серпін алады.

Бүгінде бұл қалаларда инфрақұрылымның тозуына, жолдардың сапасына, көлік жүйесінің жай-күйіне байланысты проблемалар бар. Жаңа мәртебе осы қалаларға инвестициялар ағынын ұлғайтады және аумақтық-әкімшілік бөліністің неғұрлым ұтымды есебінен жергілікті проблемаларды тиімді шешуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Әлібек Қуантыров.

Биылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құруды ұсынғанын естеріңізге сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы