ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасы Ерлан Дәкенов Абай тойын өткізуге қатысты көптің көкейінде жүрген сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Абайдың 180 жылдық мерейтойы Дженнифер Лопестің концертімен тұспа-тұс келді. Мерейтой Джей Лоның концертінің көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?" деп сұрады журналистер министрлік өкілінен.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы – бүгінгі таңда үлкен мемлекеттік ауқымды іс-шара. Сондықтан жылдың басынан бастап 5 мыңнан аса үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Жыл соңына дейін әлі де көптеген жиын өткізу жоспарда бар. Ұлы Абайымыздың мерейтойы Дженнифер Лопестің көлеңкесінде қалып қояды дегенмен келіспеймін. Өйткені, ауқымды іс-шаралар өткізуді жалғастырамыз. Бір сағаттық концертке бола көлеңкесінде қалмайды, - деп жауап берді комитет басшысы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, Абай елінде ұлы ақынның мерейтойы тойлануда. Сондай-ақ бүгін Семейде "Адамзаттың Абайы" атты республикалық ақындар айтысы өтті.