Абай-175: Түркістан оқушылары Абай пән олимпиадасының жеңімпаздары

31 Қаңтар 2020, 15:40
4931
Бөлісу:
Абай-175: Түркістан оқушылары Абай пән олимпиадасының жеңімпаздары

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығын атап өтуді Түркістан облысының мектеп оқушылары сәтті бастады.

Жуырда Алматы қаласында екінші рет өткізіліп отырған республикалық Абай атындағы пән олимпиадасынан өңірдің бірнеше оқушысы жүлделі орын алып қайтқан болатын.

5315f6a0-d8ac-41ab-b497-2d31179f3b1a.jpg


 

Еске сала кетсек, Алматы қаласында өткен Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының базасында жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен ІІ республикалық Абай атындағы пән олимпиадасы өтті.

Аталған олимпиадаға қатысқан бірінші дәрежелі диплом иегері Нұртас Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Сабира Абдуллаева олимпиадаға қдайындықтың қиын болмағандығын айтып берді.

Мен екі аптаның ішінде "Абай жолы" романының 1-2 томын, ал 3-4 томының қысқартылған нұсқасын оқып шықтым. Бізді Олимпиадаға дайындаған Ұлжан апай Абай туралы бірнеше кітап әкеліп берді. Оған жарысқа менімен бірге барған Еркемай екеуміз бір апта бойы дайындалдық. Жалпы, Түркістан облысынан 6 оқушы бардық. Өзім үшін жарыстан үйренген нәрсем, көп болды. Соның бірі, алғаш "Абай жолы" романын оқыған кезімде өте қиын тиді, кейбір сөздердің мағынасы әдеби болғандықтан түсінбедім. Өлеңдерін оқып отырып, бүкіл ақын өлең жазады, неге бірақ Абай ұлы ақын деген сұрақ туындады. Олимпиадағы жарысқа Абай мемлекеттік мектеп-интернатында оқып өскендер, көптеген абайтанушы келді. Солардың айтқан сөздеріне қарап, Абайдың шынымен ұлы ақын екеніне көзім жеті. Себебі, ол ұлттың болмысы мен өмірдің ащы шындықтарын өлеңмен астарлап жеткізетінін түсіндім. Абай бүкіл өмірін қазаққа арнаған. Маған жарыс барысында "Абай жолы" романы мен поэзиясынан, өмірінен де сұрақтар келді. Мысалы, "Сегізаяқ" өлеңімен Абай поэзияда қандай жаңалық ашты, не енгізді, құрамын талдап бер деген сұрақ келді. Ол "Сегіз аяқ" өлеңі арқылы поэзияға жаңадан сегіз тармақты өлең алып келді, ал құрамының шала ұйқас екенін айтып бердім, - деді олимпиада жеңімпазы Сабира Абдуллаева. 

13ba8315-29c1-43f1-83bf-207aa47419ae.jpg

Бұдан бөлек, олимпиадаға Шардара ауданының Мәулен Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ажар Сланова оқушыларды жарысқа дайындауда ерекше тәсілдер қолданғанын айтып бөлісті.

Биыл жарысқа екі оқушы апардық. 11-сыныптан Назерке Әліқұл, 9-сыныптан Диана Жасұзақ қатысты. Абайдың 175 жылдығына орай өткен республикалық олимпиадаға еі-үш ай көлемінде дайындалдық. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен тақырыптар беріледі, оқушылар осыған эссе жазуы тиіс. "Абай жолы" роман эпопеясының кез келген тарауы мен бетінен сұрақтар қояды. Сосын логикалық сұрақтар да қояды. Мысалы, Құнанбай мен Алшынбай құда болмағанда не болатын еді, Абай осы заманда дүниеге келгенде кім болар еді, Құнанбай тірі болған кезде біздің қоғамда қандай мамандықты таңдар еді деген сияқты оқушыларды ойландыратын сұрақтарға жетелейді. Мен балалардың көбіне эссе жазуына күш саламын, - дейді ұстаз. 

Оның айтуынша, оқушылар шығарма жазған кезде жазу техникасын меңгеруге, көркем сөз қолдану мен тыныс белгілерін дұрыс қоюына басымдық бергізеді. Эссе жазуда 10-11-сынып оқушыларына қойылатын талап 250 сөзден кем болмау керек және 20 сөйлемнің ішінде аз дегенде 15 ой айтылуы керектігін атап өтті.

 

Осы жолы мен оқушыларыма Абай туралы жазылған шығарманың ішінде неше сөз жазасыңдар, соның бәріне ақынның қара сөзі болсын, өлеңдері болсын,  қосып отырыңдар дедім. Мысалы, "ыстық қайрат, нұрлы ақылды" адамзатқа ұран еткен Абай, ызалы қол, долы жүрекпен жүрекжарды шығармалар жазған деп мәтінде келтіре кетуі керек. Оны тексерген адам оқушының қаншалықты Абайды сіңіріп, жұтып алғанын байқайды. Оқушылармен бірге Абайдың қара сөздерін, өлеңінде айтылған афоризмдерін талдаймыз, ғалымдардың пікірін қараймыз. Осылайша оқушылардың да ой қорытып, өз жауаптарын айтуға бейімдейміз. Олар Абайдың өлеңдерін Омар Хайям, Лермонтовпен, Шекспир, Гетемен салыстырады, талдайды. Егер Абай Шекспирдің заманында туғанда сол қоғамның адамдарына қандай баға берген болар еді, ал бүгінгі таңда кім болар еді, кәсіп, заң, психология саласының басында жүрер еді деген ойларын ортаға салады, - дейді Ажар Сапарғалиқызы.
 

 

Айта кетейік, Абай пән олимпиадасына Түркістан облысынан барған команда бір І дәрежелі диплом, екі ІІІ дәрежелі диплом, бір "Үздік білім көрсеткені үшін грамота" жеңіп алды. Олар: Нұртас Оңдасынов атындағы Түркістан  мамандандырылған мектеп-интернаты, Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернаты және Шардара ауданының Мәулен Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары.

Өзгелердің жаңалығы