Абай облысындағы өртті сөндіруге қатысқан әскерилер марапатталды

5 Шілде 2023, 18:26
673
Бөлісу:
Абай облысындағы өртті сөндіруге қатысқан әскерилер марапатталды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі Абай облысында болған өртті сөндіруге қатысқан әскери қызметшілерге наградалар табыс етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс ведомствосында еліміздің шығыс өңіріндегі өртке қарсы іс-шараларға қатысқан әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Бас штабтың, департаменттер мен басқармалардың басшылығы, Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшылары қатысты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери қызметшілерге әскери, қызметтік борышын орындаудағы жанқиярлығы мен төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтты.

Қарулы күштердің тобы 73 учаскедегі өрт ошақтарын жойып, ұзындығы 3000 метрлік жерді жыртуды жүзеге асырды. Өтуі қиын учаскелердегі 20 шақырым жолды тазалады, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов 53975 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Байдуллаевқа II дәрежелі «Айбын» орденін, 28738 әскери бөлімінің 1 сыныпты сержанты Талғат Жанғазиновке «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін салтанатты жағдайда табыс етті.

Абай өңірлік гарнизоны әскери полициясы кинологиялық қызметінің бастығы аға лейтенант Аслан Ықыласов Қорғаныс министрлігінің «Ел қорғаны» ведомстовлық медаліне ие болды.

44736 әскери бөлімінің бөлімше командирі аға сержант Рүстем Өткелбаев, 28738 әскери бөлімінің батарея сержанты Мадияр Бекенов, Абай өңірлік гарнизоны әскери полиция патрулінің бастығы кіші сержант Ернұр Еркінтаев Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін иеленді.

19132 әскери бөлімінің буын командирі Максим Кононенко мерзімінен бұрын «подполковник» әскери атағына ие болды.

Кездесу соңында министр қатысушыларды Астананың 25 жылдығымен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасылық амандық және бейбіт аспан тіледі.

Өзгелердің жаңалығы