Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Абай облысында қуаттылығы жоғары ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр

29 Қазан 2025, 23:30
548
Бөлісу:
 Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай облысының Жаңасемей ауданында жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін өңдейтін заманауи ет комбинатының құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Жоба «Eurasia Agro Semey» ЖШС тарапынан жүзеге асырылып жатыр. Компанияға ағайынды Сайлау және Ерлан Мұқашевтер жетекшілік етеді. Кәсіпорынның жалпы құны – 7,7 млрд теңге.

Мердігер «ADK Group» ЖШС директоры Сағындық Сатыбалдының айтуынша, құрылыс кестеге сай жүріп жатыр.

Комбинат бір ауысымда 70 бас ірі қара мен 700 бас ұсақ малды соя алады. Сондай-ақ тәулігіне 3 тонна шұжық және 5 тонна консерв өнімін өндіретін цехтар салынады. Биыл ғимараттың қаңқасы мен төбесін толық аяқтап, қабырғаларын сэндвич-панельмен қаптауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Зауытты 2026 жылдың тамыз айында толық іске қосу жоспарланған.

Бұл жоба өңірдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін бермек.

Айта кетейік, жоба идеясы облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумынан кейін қолға алынған. Сол форумда Мұқашевтер туған өлкеге инвестиция салып, аймақ дамуына үлес қосуға дайын екендерін білдірген еді.

Өзгелердің жаңалығы