Абай облысында 5 мыңнан астам студент жұмысшы мамандықтар бойынша білім алуда, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Аймақта 33 колледжде 21 мыңнан астам студент білім алуда. 2024-2025 оқу жылында 5900 білім алушы оқуға қабылданған. Оның ішінде 2 мың студент жұмысшы мамандықтарды таңдаған.
Бүгінде 21 техникалық-кәсіптік білім беру мекемесінде 5 мыңнан астам студент жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова айтты.
Сондай-ақ өңірдегі техникалық-кәсіптік білім беру мекемелері дуальды оқыту жүйесін пайдалануда. Атап айтар болсақ, 31 колледжде 70 мамандық бойынша дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, 3060 студент бойынша тәжірибе мен білімді қатар игеруде.
Биыл нысаналы мемлекеттік тапсырыс бойынша және кәсіпорындардың сұранысына сәйкес 719 студент қабылданды. 20 колледж 4200 студентті қамтитын 22 кәсіпорынмен меморандумға отырды. 2025 жылы колледждер жұмысшы біліктілігі бойынша жаңа мамандықтар ашуды жоспарлап отыр. Оның ішінде бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарь, электромонтер, токарь, мерчендайзер және тағы басқа да мамандықтар қамтылмақ, - деді Абай облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова.
Брифинг барысында "Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында жоспарланған шаралар жөнінде де айтылды. Бұл ретте облыста 300-ге жуық шара ұйымдастырылмақ.
Шұғыла СҰЛТАНМАХМУДОВА