Абай облысында алаяқ тұрғынның атына 9,5 млн теңге несие рәсімдеген

29 Сәуір 2023, 23:45
920
Бөлісу:
Абай облысында алаяқ тұрғынның атына 9,5 млн теңге несие рәсімдеген
Фото: Polisia.kz

Абай облысында алаяқтар AnyDesk қосымшасы арқылы тұрғынның атына 9,5 млн теңге несие рәсімдеген, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың сәуір айының ортасында Аягөз ауданы полиция бөліміне 43 жастағы жергілікті тұрғын жүгініп, оған белгісіз біреудің ұялы телефонына қоңырау шалып, өзін ҚР банктер қауымдастығының қауіпсіздік бөлімінің қызметкері ретінде таныстырғанын хабарлап, жәбірленушіге оның банктік шоты бойынша күдікті операциялар туралы хабарлаған. Қоңырау шалушы оның сауалнамалық деректерін нақтылап алған соң, AnyDesk қосымшасын жүктеуді сұраған. Нәтижесінде жәбірленушінің атына жалпы сомасы 9,5 млн теңгеге түрлі банктерде несие ресімдегені белгілі болды.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы қылмысты жасауға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, - деп жазды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, алаяқтық саны азаймай отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері Абай облысының аумағында 272 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оларды жасаудың ең кең тараған тәсілі белгілі сауда сайттарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде хабарландырулар орналастыру арқылы интернет-сауда болып қалуда және жыл басынан осындай 140-тан астам қылмыс тіркелген.

Полиция департаменті ескертеді, алаяқтар қылмыс жасаудың әртүрлі тәсілдерін қолданады, олардың бірі қашықтан қол жеткізу қосымшасы. Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша белгісіз қашықтан басқару бағдарламасы AnyDesk-ті орнатпауды ескертеді. Мұндай бағдарлама алаяқтарға гаджеттің жадында сақталатын телефон кітапшасына, мобильді банктерге және басқа да жеке мәліметтерге толық қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы