Абай облысында 42 әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға толығымен бейімделді

19 Қазан 2023, 11:36
607
Бөлісу:
Абай облысында 42 әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға толығымен бейімделді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Абай облысында 111 әлеуметтік инфрақұрылым нысан бейімделді, оның ішінде 42 нысан ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай сәйкестендірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 2027 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жобада қол жетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуі тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023-2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 2021-2022 жылдарды қоса алғанда, 10 444 нысан бейімделді.

Абай облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1251 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 2023 жылға бейімдеуге жоспарланған 198 нысанның 111-інде бейімдеу іс-шараларын жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында 42 нысанның толық бейімделгені расталды.

Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қол жетімді:

- мемлекеттік мекемелер – 2 (әкімдік – 1, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері – 1);

- денсаулық сақтау нысандары – 12 (емханалар – 3, медициналық орталықтар – 4, дәріханалар – 4, аурухана – 1);

- білім беру нысандары – 15 (мектептер – 14, университет – 1);

- мәдениет нысандары – 1 (мұражай – 1);

- спорт нысандары – 3 (спорт мектептері – 2, спорт кешені – 1);

- әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де нысандары – 9 (банк филиалдары – 2, дүкендер – 5, медициналық-әлеуметтік мекеме – 1, әуежай – 1);

69 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі заңнама талаптарының 538 бұзушылығы анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 148, көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 164, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 103, кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін – 123.

Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін 87 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар институты енгізілген сәттен бастап 2023 жылдың 1 шілдесінде Департамент мемлекеттік басқару, жеке кәсіпкерлік, білім беру салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз етпеу бойынша Е–Otinish азаматтарының өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы келіп түскен шағымдар негізінде жоспардан тыс 13 тексеру жүргізді.

Тексеру қорытындысы бойынша объектілердің басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілді, сондай-ақ жалпы сомасы 1,3 млн теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынды.

Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Өзгелердің жаңалығы