«Абай институты» порталы іске қосылды

18 Қараша 2020, 20:20
3029
Бөлісу:
«Абай институты» порталы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілін үйрету және ілгерілету мақсатында «Абай институты» порталының таныстырылымын ұйымдастырды.

Алтын күн астында ақиық қыран қалықтаған көк туымызды көтеріп, көкірегімізді шаттыққа толтырған әнұранымызды шырқап келе жатқан отыз жылға жуық уақыт ішінде ұлт – ортақ мүдде жолына ұйысып, қаймағы бұзылмаған қайран ел – берекелі бірлік жолында бас біріктірді. Осының бәрінің түбінде – қасиетті ана тіліміз жатыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп кесіп айтқан. Тәубе, кеткенімiз келіп, кемісімiз толып, ұлттық құндылықтар ұлықталуда. Бұл шара – соның бұлтартпас дәлелі. Құттықтау сөзін осылай бастаған Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба шара маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының ұлы Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде мерекелеу туралы арнайы Жарлығы халқымыздың тарихи жады мен рухани өміріне соны серпіліс әкелген тарихи оқиға болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан осы бағытта қолға алған шаруаның шоқтығы биігі – осы «Абай институты» ашық білім беру жобасы. Бұл шараның қайнар көзі «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» бастау алады. Қазіргі таңда «Отандастар» қорымен бірлесіп, бес мемлекетте: Түркия, Иран, Ресей, Бельгия және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқыту курстарын бастадық – деді ол.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Айдос Әбдіхалық портал туралы жан-жақты әңгімелеп берсе, жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай іске қосылып жатқан жобадан үлкен үміт күтетінін жасырмады.

Біздің буын баланың ойыны деп санап келген ғаламтор бүгінде заман тілі ретінде танылып, тіпті мемлекеттердің саясатын айқындап беретін құрал деңгейіне көтерілді. Сондықтан, қазақ тілін білгісі келетін шетелдіктерге бұл жоба үлкен көмек болады деп ойлаймын. Өз басым осындай еуропалықтарға куә болып, Қытай ғалымының Абай қарасөзінің аудармасына: «Мұны неғып бұрын білмегенмін», – деп таң қалғанын көрдім. Енді көркемдік деңгейін көтеріп, осы порталға жарияласа, қаншалықты көмек болар еді, – деді Тұрсын Жұртбай.

Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі диспоралармен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Мұқтар Кәрібай, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі Дидар Болат ақжолтай тілек білдірді.

Іске қосылып жатқан www.abai.institute веб-порталының жұмысы туралы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы София Қажыақпарқызы жан-жақты түсінік берді, ал «Қазақ тілін оқытуда интернет ресурстарын пайдалану туралы» Иран ислам республикасындағы қазақ тілі оқытушысы Асқар Қазақ әңгімеледі.

Онлайн шараға шетелдердегі Қазақстан Республикасы Елшіліктерінің жауапты мамандары, Түркия, Иран, Ресей, Бельгия және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқытып жатқан кураторлар мен Бразилия, Франция, Германия, Қытай, Өзбекстан, Моңғолияда тұрып жатқан бауырларымыз қатысты.

Өзгелердің жаңалығы