Абай атындағы ҚазҰОБТ солистері әлемдік сахналарда өнер көрсетті

13 Ақпан 2023, 16:35
1312
Бөлісу:
Абай атындағы ҚазҰОБТ солистері әлемдік сахналарда өнер көрсетті
Фото: Фото: ҚазҰОБТ баспасөз қызметі

Абай атындаңы ҚазҰОБТ солистері Эмиль Сакавов, Зарина Алтынбаева мен Дамир Сәдуақасов, театрдың жетекші концертмейстері Марина Алтухова шетелдік көрермендерді өнерімен тәнті етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

13 ақпанда көрнекті опера әншісі, әлемге әйгілі әртіс, Қазан қаласының тумасы Федор Иванович Шаляпиннің туғанына 150 жыл толды. Мерейтойлық күнге орай 30 қаңтар мен 28 ақпан аралығында өтіп жатқан әлемдік, әрі татар ұлттық музыкалық мәдениетін иеленуші М.Джалиль атындағы Татар опера және балет театры сахнасында XLI халықаралық опера фестивалінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының опера солисі Эмиль Сакавов орасан зор жетістікпен өнер көрсетті. 

Халықаралық Шаляпин фестивалі итальяндық режиссер Джузеппе Морассидің қойылымындағы Дж. Россинидің «Севильдік шаштараз» операсымен ашылды. Қазақ театрының жетекші опера солисі Эмиль Сакавов фестивальдің ашылу салтанатында ең алғашқылардың бірі болып, «Фигаро» партиясын ерекше орындап, Татарстан көрермендерін баурап алды. 

Абай атындағы ҚазҰОБТ солистері әлемдік сахналарда өнер көрсетті
Эмиль Сакавов / Фото: ҚазҰОБТ баспасөз қызметі

Қазақстандық опера сахнасының жарық жұлдызы ыстық ықыласқа бөленіп, асқақ өнермен қауышу бақытын сыйлағаны үшін алғыс ретінде құшақ-құшақ гүлге әрі татар баспасөзі, музыкалық сыншылар мен жанкүйерлер тарапынан шаттыққа толы пікірлерге ие болды. Атақты әртістің әлеуметтік желідегі парақшалары байланысты құттықтауларға, пікірлерге толды, желідегі оқырмандар опера солисінің дарыны мен тамаша техникасын атап өтіп, мақтау сөздерін жаудырды.

Абай атындағы ҚазҰТОБ операсының жетекші солисі Зарина Алтынбаева мен театрдың жетекші концертмейстерлерінің бірі Марина Алтухова Мумбайдағы «Jamshed Bhabha Theatre» сахнасында екі бөлімнен тұратын жеке концертін берді. Концертте барокко музыкасы, француз романтизмі және қазақ композиторларының романстары орындалды.

Сондай-ақ, дирижер Марат Бисенғалиевтің жетекшілігімен «Үндістан симфониялық оркестрі» концертінде Зарина Алтынбаева Карл Дженкинстің «Реквиемін» орындады.

Абай атындағы ҚазҰТОБ жетекші солисі Дамир Сәдуақасов пен театрдың жетекші концертмейстері Марина Алтухова 2023 жылғы 11-20 қаңтары аралығында Мәскеудегеі 60-қа жуық вокалист пен пианистің басын қосқан беделді Хибла Герзмава атындағы вокалистер мен аккомпаниаторлардың халықаралық байқауына қатысты. Жалпы конкурсқа 38 елден 800-ге жуық өтінім келіп түскен.

Марина Алтухова Ресей пианист-концертмейстерлер Гильдиясының арнайы сыйлығымен марапатталды. Дамир Сәдуақасов Келешбей Чачба атындағы қордың арнайы сыйлығымен марапатталды. Сондай-ақ, ол Онегин театр сыйлығы мен Мәскеу филармониясының сахнасында дебют жасады.

Өзгелердің жаңалығы