Абай-175. Нұр-Сұлтанда «Көзімнің қарасы»

4 Қараша 2020, 20:20
3931
Бөлісу:
Абай-175. Нұр-Сұлтанда «Көзімнің қарасы»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлт тарихында тағдыршешті кезеңдер мен шоқтығы биік тұлғалар болады. Көпшіліктің тарихты тұлғалар жасайтынын жиі тілге тиек етуі де бекер емес.
 

Сондай алыптардың бірегейі – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, саналы ғұмырында Халқының қамын ойлап, қалың елі – қазағын ағартуға қайрат еткен ақын Абай Құнанбайұлы. Қазақ руханиятының тамыршысы Өзбекәлі Жәнібеков:

 

Абайдың басты ерекшелігі – көне заман тарихын, шығыс пен батыстағы ренессанстық, одан кейінгі жаңа заман мәдениетін біліп, олардың өресінен қазақ санасына жаңа идея, ой-пікір әкелгендігі, – деп пікір қалдырған екен.

 

Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын өзінің арнайы мақаласында жазған Президентіміз Қ.Тоқаев бұл істің Абайсыз жүзеге аспайтынын меңзеп, 2020 жылды Абайға арнаған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде:

 

Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет, – деп дөп айтқан еді.

 

Қазақтың бас ақыны – Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, Елордалық «Жастар театрында» сахналанғалы отырған жаңа қойылымның негізгі лейтмотиві «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» деген қаламгердің өз өлеңі. Спектакль өнерсүйер, өлеңсүйер көрермен қауымды тек махаббат әлеміне ғана серуендетіп қоймайды, сонымен қатар, парасат биігіне де көтерері сөзсіз. Бір-бірін шын сүйген Абай ақын мен Тоғжан арудың ғашықтық ғажайып күйі баяндалатын драма адамзат мойындап, Алты Алаштың баласы ардақ тұтқан хакімнің адами болмысын да паш етеді. 

Премьера 5-6 қараша күндері 19:00-де өтеді.
 

Өзгелердің жаңалығы