Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда абайтану шарасы балабақшаларда жалғасуда. Қалалық бөбекжайдың бірінде болған ұлы ақынға арналған шара "Абай дана, Абай дара қазақта" деп аталды.
Бұл эстафетаны біз қалалық білім бөлімінен қабылдап, қазір келесі балабақшаға жолдағалы отырмыз. Ата-ана, педогог және бала үшжақты жұмыстар атқарып жатырмыз. Осы арқылы баланы үлкен жетістіктерге жеткізіп, азамат болып қалыптасуына ықпал ететін боламыз. Балалардың қабылдауы өте жоғары деңгейде, - дейді бөбекжайдың меңгерушісі Бақыт Мұстафина.
"Хабар 24" сайты хабарлағандай, оған 4-6 жас аралғындағы бүлдіршіндер қатысып, Абай өлеңдерін жатқа оқыды. Данышпан аталарының әрбір ғибратын осы бастан санасына сіңірген бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі елін сүйер азамат екені анық. Шараның басты мақсаты да сол. Ата-аналардың қатысуымен бала Абайдың өмірінен театраландырылған көрініс те өте тартымды болды.
Айта кетейік, аталған бөбекжайда 450-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленеді. Ел тарихы мен белгілі тұлғалардың ұлағатын ұрпаққа таныстыруға арналған эстафеталық шара қаланың басқа балабақшаларында жыл бойы жалғасатын болады.