Қаланы абаттандыру ережелерін ең көп бұзатын қала тұрғындары алматылықтар болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау басқармасының бастығы Асылбек Ыдырысов мәлімдеді.
Айтуынша, жыл басынан бері 20-дан астам құқық бұзушылық анықталды. Барлығы бойынша әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданып жатыр.
Бірлескен жұмыс аясында экологиялық құқық бұзушылық және абаттандыру саласындағы заңнаманы бұзушылықтар әшкере болды. Мысалы, қаланың кәріз желілеріне қалдықтарды заңсыз төгу фактілері тұрақты негізде анықталуда. Өз құзыреті шегінде полиция қызметкерлері осындай бұзушыларды ӘҚБтК-нің 505-бабы «Елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу» бойынша тартады. Осы бап бойынша санкция 20-дан 30 АЕК-ке дейінгі айыппұлды көздейді, - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Жыл басынан бері республика бойынша осыған ұқсас құқық бұзушылықтар үшін 130 мыңнан астам құқық бұзушы тартылған.
Оның 12 мыңы Астана қаласында 17 мыңы Алматы қаласында және 18 мыңға жуығы Қарағанды облысында. Сол себептен азаматтарымызды экологиялық құқық бұзушылықтарды көрген кезде экология департаментіне немесе «102» пультына хабаралауыңызды шақырамыз. Мүмкіндік болған кезде дәлел ретінде қолдану үшін бейнеге түсірген жөн, - деді Асылбек Ыдырысов.