Атаулы әлеуметтік көмек пен жұмыссыздық бойынша жәрдемақының екеуі де табысынан айырылу төлемімен байланысты. Алайда олар әртүрлі қағидаттар бойынша жұмыс істейді және қаржыландыру көздері де бөлек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) пен жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны көпшілік бір төлем екен деп қабылдайды. Алайда іс жүзінде бұл – екі түрлі қолдау жүйесі: бірі табысы төмен отбасыларға арналған, екіншісі – бұрын әлеуметтік аударымдар төлеп, кейін жұмысынан айырылған азаматтарға бағытталған.
Қай төлемге жүгіну керегін дұрыс таңдамау көбіне жәрдемақы төлеуден бас тартуға және уақыт жоғалтуға әкеледі.
Threads әлеуметтік желісінде қаржы сарапшысы Азиза Сұлтан атап өткендей, ең жиі кездесетін қателік – АӘК пен жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны бірін-бірі алмастыратын төлемдер деп қабылдау. Шын мәнінде, бұл – логикасы, қаржыландыру көзі мен мақсаты бөлек екі жүйе.
АӘК – кедейліктен қорғау тетігі
Атаулы әлеуметтік көмек – бұл жұмысынан айырғаны үшін өтемақы емес, әлеуметтік қолдаудың бір түрі. Мемлекет оны бұрын жұмыс істеген-істемегеніне қарамастан, күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүріп жатқан азаматтарға төлейді.
АӘК-тің негізгі қағидаты – отбасының мұқтаждығын бағалау, ал еңбек өтілі екінші кезекте қалады. Сондықтан:
- отбасының барлық мүшесінің табысы есепке алынады;
- әлеуметтік аударымдардың болуы маңызды емес;
- қаражат тікелей бюджеттен бөлінеді.
Яғни, АӘК – жұмыссыз қалудан емес, шектен тыс кедейліктен қорғайтын «қауіпсіздік жастығы».
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы – сақтандыру төлемі
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы әлеуметтік сақтандыру қағидатына негізделген және тікелей әлеуметтік көмекке жатпайды. Бұл – азаматтың бұрын өз табысынан төлеген әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасқан кірістің бір бөлігін қайтару тетігі.
Сондықтан ресми жұмыс істемеген жағдайда мұндай төлемге құқық берілмейді, ал жәрдемақының мөлшері еңбек өтілі мен жалақы деңгейіне байланысты анықталады. Қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен емес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл механизм алдын ала жарна төленген жағдайда ғана төлем алу мүмкін болатын сақтандыру моделіне ұқсас.
Неліктен оларды тікелей салыстыруға болмайды?
АӘК пен жұмыссыздық бойынша жәрдемақы әртүрлі әлеуметтік тәуекелдерге жауап береді:
- АӘК – «негізгі қажеттіліктерді өтеуге қаражат жетпейді» деген жағдайға;
- жәрдемақы – «уақытша жұмыссыз қалдым, бірақ бұған дейін табысым болды» деген ахуалға арналған.
Сондықтан төлем мөлшері, мерзімі мен шарттары түбегейлі өзгеше. Әдетте жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып жүріп, қатарынан АӘК-ке үміттену мүмкін емес, себебі бір төлем екіншісін тағайындау кезінде есепке алынады.
Қазақстандықтар нені білуі керек?
Бұл жүйе ресми жұмыспен қамтуды сақтандыру төлемдері арқылы ынталандыруға және жарна төлемеген, бірақ әлеуметтік тұрғыда осал отбасыларды қолдауға бағытталған. Сондықтан АӘК пен жәрдемақының қайсысын таңдау – жеке қалау емес, адамның еңбек және қаржылық тарихының нәтижесі.
Қарапайым тілмен айтқанда, егер азаматтың ресми жұмысы болмаған болса, оны әлеуметтік қорғау тетігі ретінде атаулы әлеуметтік көмек қарастырылады.
Ал ресми түрде жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдар төлеген жағдайда, негізгі қорғаныс құралы – жұмыссыздық бойынша жәрдемақы болып табылады.