Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық теңіз портының қызметкерлеріне коронавирустың алдын алу амалдары түсіндірілді. Айлақтағы санитарлық карантиндік қадағалау қызметі қорғаныш маска мен костюмдерді дұрыс қолдану тәртібін көрсетіп, гигиеналық талаптарды сақтауға шақырды. Портқа аялдайтын кеме экипажы мен жолаушылары үшін зарарсыздандыру шаралары енгізілген. Бұл туралы Хабар 24. хабарлайды.
Ақтау халықаралық әуежайына ұшып келген шетелдік азаматтар да тепловизордың көмегімен жаппай тексеріліп жатыр. Ирандық кемелер экипажы мен жолаушыларына Ақтаудағы теңіз порттары әкімшілігінің қаулысымен шектеулер қойылған. Жағаға түсетін кісі басқыш алдына тұрған темір қораптағы залалсыздандырғыш ерітіндіге аяғын малып өтеді. Жуырда осы мемлекеттен жеткен су көлігі экипажының бір мүшесі өзін жайсыз сезініп, аймақтық ауруханаға түскені мәлім. Көптен оқшауланған науқасқа көп ұзамай соқырішек диагнозы қойылған еді. Бұл дерек теңіз айлағындағы санитарлық-карантиндік қызмет жұмысының мүлтіксіз атқарылғанын көрсетті.
Порт аумағындағы сегізінші айлақ карантиндік мақсатқа қолданылады. Әлгі кеме бірден сол жерге қойылып, бортына арнайы қорғаныш костюмдегі санитарлық-карантиндік қызмет мамандары көтерілді. Науқастың дене қызуын өлшеп, басқа сырқат белгілерін анықтады. Бастапқыда болған қорқыныш сейілгенімен әлі де арқаны кеңге салуға болмайды. Портта коронавирустың алдын алу шаралары жалғаса береді, - дейді "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Абай Түрікпенбаев.
Аспанасты елінде коронавирус алғаш тіркелген сәттен бастап Ақтау халықаралық әуежайындағы санитарлық-карантиндік бақылау қызметі де өз жұмысын күшейтті. Маңғыстау өңіріне ұшып жеткен жолаушылар жаппай тепловизордың көмегімен тексеріліп жатыр. Бұл құрылғы адамның дене қызуын екі метрге жуық қашықтықтан анықтауға мүмкіндік береді. Ал борттан осындай дене қызуы бар адам табылып жатса бірден арнайы бөлмеге жіберіледі.
Жолаушылар арасынан күдікті науқас анықталған жағдайда, қызу көрсеткіші жоғары жолаушы тіркелген жағдайда бізде арнайы оқшаулау бөлмесі дайындалған. Апта бойынша халықаралық рейс келеді, 16 ұшақ тексеріледі апта бойынша. Осы таңға қарай әуежайда қызуы жоғары жолаушылар тіркелген жоқ. Жолаушыларға, жолсеріктерге жадынамалар тапсырылып, түсініктеме жұмыстары жасалып жатыр, - дейді әуежайдағы санитарлық карантиндік қадағалау бөлімінің бас маманы Оңайгүл Шанышбаева.