Ақтау қаласы әкіміне сөгіс жарияланды

16 Маусым 2020, 10:46
1570
Бөлісу:
Ақтау қаласы әкіміне сөгіс жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Маңғыстау облысы әкімдігінің аппараттық отырысында аймақ басшысы Серікбай Тұрымов бірқатар жауапты тұлғаларға сөгіс жариялады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязовқа облыс орталығының жасыл қорын сақтау жұмысының сапасыздығы, жасыл желектерді дер кезінде отырғызбау және суару жұмыстарының төмен сапасы үшін сөгіс жарияланды.

Аймақ басшысы Серікбай Тұрымов Ақтау әкімдігі тапсырмалар мен тікелей міндеттерін тиісті деңгейде орындамағанын атап өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, санитарлық тазалау және қоқыстарды шығару жұмыстарын уақытылы орындамағаны үшін Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаровқа сөгіс жариялады.

"Еңбек" бағдарламасы бойынша тиімді жұмысқа орналастыру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша тиісті жұмыс істемегені, ауылдық елді мекендерде шағын несие беру саласындағы нәтижелердің төмен деңгейі үшін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Качаков пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлға да сөгіс жарияланды.

Аймақ басшысы атап өткендей, осы күнге дейін нақты тапсырмалар берілгеніне қарамастан, бүгінгі күнге дейін тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмеген, кәсіпкерлерге бағытталған қаражат тиісті орынға жетпей, жұмыс орындары да ашылмаған.

Өзгелердің жаңалығы