Ақтау әкімдігі тәулік бойы кезекшілік атқаруда

16 Шілде 2020, 20:30
1718
Бөлісу:
Ақтау әкімдігі тәулік бойы кезекшілік атқаруда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау қалалық әкімдігінің қызметкерлері бірнеше аптадан бері қалалық провизорлық стационарлар орналасқан қалашықта кезекшілік атқаруда.

Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.

Мұнда коронавирус жұқтырғандарды емдейтін обсервациялық стационар мен қос провизор госпиталі орналасқан. Науқас санының көбеюіне орай ауруханаларда оттегі баллондарына деген сұраныс арта түсті. Ауа жетпей демігіп жатқандарды қажетті оттегімен үзіліссіз қамтамасыз ету үшін әкімдіктегі әр бөлім кесте бойынша кезекшілік етеді. Мемлекеттік қызметкерлерге қаладағы спортшылар, қайырымды жандар өз еріктерімен көмектесіп, апта бойы күні-түні еңбек етуде.

Оттегі балондары неғұрлым тезірек жеткізілсе, соғұрлым науқастардың өмірін сақтап қалуға үміт бар. Қазір дәрігер, санитарлар тапшы кезде жігіттердің беріп жатқан қол көмегі өте маңызды болып тұр. Олар босаған баллонды алып кетіп, толтырып, госпитальдарды кідіріссіз оттегі баллондарымен қамтамасыз етуде, - дейді бұрынғы перзентхана ғимаратында ашылған провизорлық стационардың басшысы Алмабек Бисенов.

Төрт айдан бері пандемиямен күресіп жүрген Алмабек Қонарбайұлының қала әкімі бастаған қызметкерлерге алғыстан басқа айтары жоқ. «Жасыратыны жоқ кейде медициналық қолғабымыз таусылып қалады. Түрлі заттар қажет болады. Ондай кезде кәсіпкерлерді ұйымдастырып, керегімізді жеткізіп беріп отырады»,-дейді стационар басшысы.

Жергілікті жомарт жандарды жұмылдырып, жақында стационарларға оншақты салқындатқыш қондырып беріпті. Сонымен қатар індетпен арпалысып жүрген дәрігерлерге күніне 40-50 литр шұбат пен жеміс-жидек жеткізіп тұрады екен. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, көптің көмегімен түйткілді мәселелердің түйіні шешіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы