Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Пригородный» көкөніс сақтау қоймасына тұрақтандыру қорының өнімі жеткізіле бастады. Қорға 100 тонна сәбіз,100 тонна қырыққабат, 200 тонна пияз бен 1400 тонна картоп салынады, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Тұрақтандыру қоры Ақтөбе облысындағы көкөніс бағасын қалыпты ұстап тұруға көмектеседі. Қоймаға сәбіз, қырыққабат, пияз бен картоп жеткізілді.
"Өткен жылмен салыстырғанда картоп 400, қырыққабат 20 тоннаға артық сақталып жатыр. Яғни, тұрақтандыру қорының қоймасында көкөніс сақтау көлемі жыл өткен сайын арта бастады. Келісімшарт бойынша алдын ала арзан бағаға сатып аламыз, қыс пен көктемнің бес айында шағын базарлар мен әлеуметтік дүкендерге жеткіземіз. Ондағы баға базардан 15-20 пайызға арзан болады", - деді Ақтөбе» ӘКК агроөнеркәсіп кешені басқармасының басшысы Ермек Батинов. Биыл көкөніс сатып алуға 80 миллион теңге бөлінді.
Айта кетейік, 107 тонна І сотты ұн, 75 тонна өсімдік майы мен 240 тонна қант та қоймада сақталады. Күріш пен қарақұмық жармасын сатып алу жоспарда бар.