Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде өсірілген африкалық жайындар болашақта Қытайға экспортталады. Қазір өңірде балықты тоған суда өсіру технологиясын қолданатын зауыт салынып жатыр. «Мұрагер 22» ЖШС-нің нысаны биыл жазда аяқталады.
Ақтөбелік кәсіпкерлер өңірде африкалық жайын өсіруді қолға алды. Өңірде тұңғыш рет тұйықталған жүйе арқылы сумен қамтамасыз ету, яғни балықты тоғанда өсіру технологиясы қолданылды. Қазір зауыттың құрылысы аяқталып қалды. Жоба құны 900 млн. теңгеге жуық. Жылына 1560 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
«Балықты тұйықталған жүйе арқылы суда өсіру идеясы былтыр келді ойымызға. Ғаламторды ақтарып, тұқым алу, баптау, өсіру мәселелерін қарап шықтық. Елімізде жабық ғимараттың ішінде орналасқан тұйықталған жүйе арқылы сумен қамтамасыз ету жобасы жоқ. Біз жаңашылдық енгізуді көздеп отырмыз. Өнімді жыл бойы өсіріп, пайдалануға болады. Қазір цехымызда африкалық жайын, албырттар тұқымдасына жататын алабалық, барабулька бар. Ресей мен Африкадан алдырттық. Алда бекіре тұқымын алғымыз кеп отыр. Зауыт салуды қолға алдық. Нысан көлемі 1,2 гектар»,-деді «Мұрагер 22» ЖШС директоры Нұрым Құмаров.
Кәсіпорын цехында 18 мың аналық африкалық жайын өсіп жатыр. Цехта репродуктивті алаң қажетті құралдармен жабдықталған. Жарты жылдан астам уақыттан кейін нарыққа шығады. Мамандардың сөзінше, қылқандары өте аз жайындардың дәмі бұзау етінің дәміндей екен.
«Зауыт салынып болды. Тек ішкі жұмыстары қалып отыр. Тауарлық цехтың жөндеу жұмыстары қалды. Инкубациялық, бағып, өсіру, зертханалық цехтар дайын тұр. Құрал-жабдықтардың барлығын Ресейдің Мәскеу, Челябі, Қырым қалаларынан алдыртып жатырмыз. Гермианиялық құралдар алғымыз келген. Дегенмен, олар қымбатырақ. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы балықтардың жем-азығына субсидия бөлініп отыр. Азықтан кенде емеспіз»,-деді Нұрым Құмаров.
Қазір балықты тоған суда өсіру цехында 40-тан астам адам жұмыс жасайды. Жоба жүзеге асқаннан кейін тағы мамандар алады. «Мұрагер 22» ЖШС-і Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжімен болашақта «балық өсіру мамандарын даярлайтын бөлім ашылса» деген ұсыныстарын білдірген. Қазір арнайы мамандарды Ресейден шақыртып отыр.
«Ресейден ихтеолог шақырттық. Өзге маман жоқ. Алда тағы 5 жыл жұмыс жасауға ұсыныс жасаймыз. Себебі, өзіміздің жастарымызды маман етіп, үйрету керек. Оған дейін мамандарды оқытып алу қажет. Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі, Аграрлық университетпен жұмыс жасағымыз келеді. Өңірдегі, елдегі балық өсіру көтергіміз келеді,-дейді «Мұрагер 22» ЖШС директоры.
Жарты жылдан кейін дайын өнім Қазақстан нарығына шығады. Негізгі бөлігі Қытайға жөнелтіледі. Қытайлық кәсіпкерлермен келісім жасалған. Оларда сұраныс жоғары. Мұзға қатырылған балықтың кез келген көлемін алуға дайын.