Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе гарнизонының әскери қызметшілері әскери полициясы өкілдері мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге 12 адамды қар құрсауынан құтқарды, оның ішінде әйел мен бала бар.
Төтенше жағдайлар департаменті Ақтөбе гарнизонының бастығы полковник Руслан Өтеповке Алға-Қарабұлақ тас жолында тоқтап қалған көліктерді қар құрсауынан құтқаруға көмектесу туралы өтінішпен жүгінді. Құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жеке құрам мен арнайы техника бөлінді.
Алға-Қарабұлақ тас жолының он жетінші шақырымында жол талғамайтын көлік пен жолдан шығып кеткен КамАЗ көлігі табылды. Дауылдың ескертуіне қарамастан, Амангелді ауылынан Алға қаласына 12 адам болып шығып кеткен екен.
Құтқару тобы келген кезде адамдар тас жолда 5 сағаттан астам уақыт алысып, көліктерін шығара алмаған екен. Өздігінен қар құрсауынан шығу әрекеті сәтсіз болған соң, MT-ЛБ көп мақсатты транспорттаушыны қолдана отырып, көліктер жолға тартылды.
Біз автомобильдердің өздігінен жүре алатындығына көз жеткізіп, қарт адамдар мен балалар бар тағы бір көлік оқиға орнына бет бұрдық, алайда олар өздері шығып кетіпті, - дейді мотоатқыштар батальоны командирінің техникалық қаматамасыз ету жөніндегі орынбасары майор Қанатбек Шаймерденов.
Құтқару жұмыстарына қатысқан әскери қызметшілерге, майор Қанатбек Шаймерденовке, келісімшарт бойынша жеке әскери қызметші Әсет Төлебаевқа және аға сержант Болат Бегежановқа Алға ауданының төтенше жағдайлар бөлімі бастығының және әкімінің атынан алғыс білдірілді.