Ақтөбе, BAQ.KZ.тілшісі. Ақтөбе облысының ардагерлері 9 маусымда болатын кезектен тыс Президент сайлауына түгел қатысады. Қазір ақсақалдар сайлау науқанының жақсы өтуіне тілекші болып отыр.
Облыс орталығындағы "Шахмат" аллеясы ардагерлердің сүйікті орыны. Күн сайын осы жерге жиналып, түрлі мәселелерді талқылайды. Алдағы кезектен тыс Президент сайлауы да қариялардың талқысында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін қолдайды.
"Бүкіл дүниежүзінде болмаған биліктің алмасуы біздің Қазақстанда болды. Қазіргі өзгерісті түгел қолдаймыз. Сайлаудың қай уақытта болатынын белгілеп берген Президентке рахмет. Бізді толғандырып жүргені сол еді. Елдің сыртқы және ішкі саясатының тұрақтылығы мемлекет басшысына байланысты болады. Елде тыныштық болуы үшін сайлау өтуі керек. Сол кезде ғана барлық мәселе шешіледі деп ойлаймын. Сайлауға барлығымыз барамыз. Ауызбіршілік керек",- деді Ардагерлер қоғамының төрағасы Серік Ботағарин.
Елде екінші Президенттің сайлануы тарихи оқиға. Осылай деген ақсақалдар халықтың дұрыс таңдау жасайтынынан үмітті.
"Алда сайланатын Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев секілді қызмет атқарса үлкен қуаныш. Үлкен еңбекті күтеміз. Сайлауға міндетті түрде барамыз. Өзімізге керек адамды сайлаумыз. Ардагерлерге жасалып жатқан жақсылықтардан кенде емеспіз. Мына отырған аллея бізге арнайы ашылған. Осы жерде шахмат, шашка ойнаймыз. Қауқылдасып әңгіме айтамыз. Ардагрлер спорттық сайыстарға жиі қатысып тұрамыз",-дейді Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Қуан.
Қазір қалалық ардагерлер кеңесіне 48 мың адам мүше. 50-ге жуық ҰОС, 20 мың тыл ардагерлері бар.