Ақтөбеде жалғызбасты әке баспаналы болды

2 Қыркүйек 2019, 20:06
1591
Бөлісу:
Ақтөбеде жалғызбасты әке баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі қызды тәрбиелеп отырған Ықылас Қозбақов екі бөлмелі пәтерге ие болды. Бұл туралы аktobenews.kz сайтында хабарланды.

Ақтөбе хром қосындылары зауытында жұмыс істейтін жалғызбасты әке сегіз жыл бойы пәтер жағалап жүрген. 2016 жылдан бері жалғызбасты әке ретінде қолжетімді баспана алу кезегінде тұрған. Өзі де Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің шотына ай сайын қаражат салып, 460 мың теңге жинаған.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға өтініш берген Ықылас Қозбақов өз қуанышын жасырмады. Оның алғашқы жарнаға сомасы жетпесе де, әкімдік 665 мың теңгеге тұрғын үй сертификатын беріп, пәтер алуға көмек берген.

«Осындай көмек бергендері үшін барлығына алғысым шексіз. 19 жылға несие алып, енді ай сайын 36 мың теңгеден төлеп тұрамын», - деді Ықылас Қозбақов.

Бұдан басқа, Конституция күніне орай, тағы 36 отбасы Ықылас секілді баспаналы болды. Пәтер кілттерін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі табыстады.

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдрламасына көпбалалы және толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Несие Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдық 2% мөлшерлемемен беріледі.

Өзгелердің жаңалығы