Ақтөбеде әр ағашқа құжат рәсімделді

20 Қыркүйек 2020, 14:32
1592
Бөлісу:
Ақтөбеде әр ағашқа құжат рәсімделді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мамандар шаһар ішіндегі әрбір ағашты есептеп, арнайы дерек қорына енгізген, деп хабарлады «Хабар 24». 

Сәйкесінше, қаладағы барлық жасыл желектің құжаты рәсімделді. Электрондық жүйеде әрбіреуі туралы ақпарат толтырылған. Яғни, олардың түрі, отырғызылған жері, жасы мен құны бар. Мамандардың айтуынша, қысы қатты, жазы аптап ыстық болғандықтан, Ақтөбеде негізінен қарағаш жиі кездеседі. Бірақ тал-теректің өзге де түрлері аз емес. 

Мәселен емен мен қандыағаштың Қызыл кітапқа енгізілген түрлері де бар. Ұзын саны 60-тан асады. Есептеу жұмыстары тәмәмдалған соң дендрологтар «Ақтөбе ауа райына тез жерсінетін ағаш түрлерінің тізімін жасаймыз», деп отыр. 

Болашақта жасыл-желек отырғызу жұмыстары білікті мамандардың ақыл-кеңесіне сай жүргізілуі тиіс. 

Есепке алу тәмәмдалған соң жергілікті әкімшілік жасыл-желекті әрдайым бақылап отыратын ақпараттық порталға қол жеткізеді. Қай жерге ағаш отырғызып, қай жерде кесу керектігі белгілі болады. Суару мен санитарлық өңдеу туралы да тиісті нұсқаулықтар жасалады, - деді есеп жүргізуші компания директоры  Жанболат Қалмұханбет.



Өзгелердің жаңалығы