Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала маңындағы Жылантөбеде сарматтар жерленген. Шығыстану институтының ғалымдары екі апта бойы аудандардағы құлпытастардың жазуын оқиды, деп хабарлады Aktobenews.kz.
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану институтының ғалымдары екі апта бойы Ақтөбенің тарихи жерлерін аралайды. Тарихи тұлғалар жерленген қорымдардағы эпиграфикалық және эпитафиялық мәтіндерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізу мақсатын көздеп отыр.
«Біз Есет батыр, Абат Байтақ кесенесі мен Қызылтамға барамыз. Өткен жылы мұндай экспедиция Қарағанды облысында болды. Онда құлыптастардағы жазбаларды оқып, ғылыми айналымға енгіздік», — деді Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Д. Медерова.
Жоспар бойынша экспедиция Ақтөбе қаласы маңындағы қорымдарды және Қарғалы, Алға, Қобда, Хромтау, Темір, Байғанин аудандарындағы кешендер мен қорымдарды аралап, ондағы эпиграфиялық, эпитафиялық мәтіндердің мән-мағынасын анықтайтын болады.
«ХХ-ХХІ ғасырдың адамдары аталарының құлпытасын оқи алмайды. Сондықтан мамандардың көмегімен көптен құпия күйінде қалған құлпытастардың жазбаларын анықтасақ дейміз. Мәселен, «Доңызтау» жерінде жүздеген, мыңдаған құлпытасты 2019-2021 жылдарға арналған экспедицияны бастайтын Серік Әжіғали зерттемек. Ал бұл экспедиция Абат Байтақ қорымындағы 260-тан астам құлпытасты, Темір қаласындағы қорымды, Қарғалы су қоймасындағы Қызылтам мавзолейіндегі құлпытастарды оқиды. Тама Есет батырдың құлпытасы темірден құйылған. Ондағы 19, 26, 28 нүктені ғалымдарға оқытқымыз келеді. Қобда ауданындағы Бекет әулиенің шәкірті Шектібайдың алтыншы ұрпағына берген аса таяқтағында сызықтар бар. Соның да құпиясы ашылмады. Ал Жылантөбеде сарматтар, шамандар жерленген», - деді өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.