Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жағажайлардың 13-і – жеке, екеуі – коммуналдық. Бұл туралы аktobenews.kz сайты хабарлады.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті суға түсу маусымы басталмас бұрын барлық жағажайларды тексеріп шықты. Сүңгуірлер аудандарда 46 жағажайды тексерді. Нәтижесінде төртеуі жарамсыз күйге түскен. Яғни, су аз, шалшыққа айналып кеткен. Ал қалада 15 жағажай демалушыларға қызмет көрсетеді.
«Соңғы бес жылда өңірде 38 адам суға кетіп, мерт болды. Өткен жылы 7 адам көз жұмған екен. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін атқарушы органдармен, полиция қызметкерлерімен бірге рейдке шығамыз. Қалада суға түсуге болмайтын 36 аймаққа тыйым салу белгісі қойылды», - деді қалалық ТЖБ басшысы Айбат Жаңабергенов.
Айта кетейік, ішімдік ішіп суға түскен адамдар әкімшілік айыппұл төлейді. Өткен жылы 36 адам жауапкершілікке тартылды.
«Облыс бойынша жеке құрамда 70 адам жұмыс істейді. Негізі бізге 100 адам қажет. Кадр тапшылығы мәселесі әлі бар», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы мекемесінің бастығы Құспан Хамзин.
Құтқару жұмыстарына еріктілер тартылады. Олар тегін оқу-жаттығудан өтеді. Кейін жағадайдағы тәртіпті бақылауға көмектеседі. Себебі, төтенше жағдайлар қызметі ақылы жағажайларды, яғни, кәсіпкерлерді арыз-шағым түспесе тексере алмайды.