Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған науқасқа қылмыстық іс қозғалуда

15 Сәуір 2020, 13:12
1558
Бөлісу:
Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған науқасқа қылмыстық іс қозғалуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында 14 және 15 сәуір күндері коронавирус жұқтырған екі науқас тіркелді. Бұл жайында Ақтөбе облысының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды. 

Онлайн брифингке Ақтөбе облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басышысы Әсет Қалиев қатысты.
14 сәуірде сағат 20.45-те және бүгін 8.35-те коронавирус жұқтырған екі науқас тіркелді. Кешегі және бүгінгі індет жұқтырған науқастар 2 сәуір күні індет жұқтырған науқаспен тікелей байланыста болған. Науқас бұл фактілерді эпидемиологиялық зерттеу барысында жасырып қалған. Осыған байланысты барлық материалдар полиция департаментіне жіберілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 308-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады. Әкімшілік немесе қылмыстық жаза тағайындалады. Яғни екі жыл бас бостандығынан айырылады, - деді департамент басшысы Нұрсұлу Беркімбаева. 

Айта кеткен жөн, 14 сәуір күні тіркелген науқас тікелей өзінің жолдасы мен бірнеше туысына жұқтырған. 
Қасындағы өзінің жолдасы да оқшауланған болатын. Тексеріс барысында да науқастың жұбайынан да коронавирус инфекциясы анықталды. Эпидемиологиялық зерттеулер барысында осы екі адамның облыста 2 сәуір күні тіркелген 8-жағдаймен байланыста болғандығы анықталды. Еске сала кетейік, Алматы, Нұр-Сұлтан  қалаларына барып келген бір тұрғынымызды 1 сәуір күні провизорлық госпитальге жатқызып, 2 сәуір күні инфекциялық госпитальге ауыстырған болатынбыз. Ендігі мәселе бүгінгі тіркеліп отырған науқас 2 сәуір күні жұқтырған науқаспен байланыста болғандығын айтпаған. Соның нәтижесінде бір адамнан төрт адам бірдей жұқтырып отыр, - деді басқарма басшысы Әсет Қалиев.

Соңғы тіркелген адаммен байланыста болған барлық тұрғынды тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда осы тұрақты қалыпта қалу үшін шектеу мәселелерін орындап, тәртіпке бағынып, барлық тұрғындар үйлерінен шықпай, адам көп шоғырланған жерлерге бармай, әр адам өз жеке басының гигиенасын сақтайтын болса, қауіпті індетті облыста кең көлемде таратпай, жеңіп шығуға көмектесеміз, - деді Әсет Қалиев.

Сонымен қатар, спикер тұрғындардан инфекция анықталған жағдайда кіммен және қандай байланыста болғандарын жасырмауды сұрады.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 13 жағдай тіркеліп отыр. Оның жетеуі сырттан келген болса, ал қалған алтауы вирус жұқтырғандармен байланыста болған.


Өзгелердің жаңалығы