Алматы, BAQ.KZ. АҚШ-тағы Wing компаниясы тұрғындардың тапсырысын үйлеріне дрон арқылы жеткізуді қолға алды. Бұл туралы компания Medium блогында жазды.
Крисченберг қаласының тұрғындары енді түрлі тағамдар мен тәттілерді, дәріханадағы дәрі-дәрмекті дрон арқылы үйге жеткізуге тапсырыс бере алады. Сондай-ақ дрон шағын пошталық сәлемдемені де жеткізіп береді.
Көптеген компания дрон арқылы тапсырысты жеткізу уақыт пен жол мәселесін шешеді деген ойда. 2016 жылы алғаш рет Amazon компаниясы сәлемдеме жеткізудің осындай түрін сынақтан өткізген. Алайда оған АҚШ-тың заңды шектеуі кедергі болған. Бұл елде дрондарды оператордың көз алдында ғана ұшыруға құқығы бар, сондықтан компанияларға қосымша рұқсат алу қажет.
Осы жылдың көктемінде Wing компаниясы АҚШ-тың азаматтық авиациясының Федеральды басқармасынан бірінші болып әуе тасымалы сертификатын алған.