Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Америкалық заң шығарушылар өздерінің рұқсатынсыз президенттің Иранға қарсы әскери қимыл бастамау туралы резолюцияны мақұлдады.
АҚШ Конгресс өкілдерінің палатасы 9 қаңтарда аталған резолюцияны қабылдады. Енді Дональд Трамп конгресмендердің рұқсатынсыз Иранға қарсы әскерді пайдалана алмайды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Бастаманы 224 конгресмен қолдады, 194 өкіл заңнамаға қарсы шықты.
Құжатты демократ Элисса Слоткин ұсынды. Ол Орталық барлау басқармасында жұмыс істеп жүргенде Иракқа бірнеше рет барған.
Тек Иран АҚШ немесе америкалық әскерлерге қауіп төндіріп қалған жағдайда мемлекет басшысы шара қолдана алады.
Сонымен қатар, Дональд Трамп Аль-Каида (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) және оның жақтастарына қарсы күш қолдана алады.
Дегенмен президент Конгреске қарулы күшті не үшін қолданғаны туралы есеп беру керек.
Ал Ақ үйдегілер өкілдерінің палатасы әзірлеген резолюцияны қате деп есептейді. Себебі құжат АҚШ-тың Иранның "террористік қызметін" тоқтататын мүмкіндігін жояды.