Ақмолалық полицейлер ардагерлерге құрмет көрсетті

8 Мамыр 2019, 12:19
2768
Бөлісу:
Ақмолалық полицейлер ардагерлерге құрмет көрсетті

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жеңіс күні қарсаңында ақмолалық полицейлер соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтады.

Сала қызметкерлері соғыс ардагерлері Илья Марченко, Мырзағали Қажымов және тыл еңбеккерлері Жүлкен Рашитов пен Жанбек Тілеубердиннің отбасында болды. Ардагерлермен әңгімелеу барысында департамент бастығы олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысып, полицейлер қашанда көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.

«Ел басына қатер төнген кезде Отан үшін қан төккен, тылда аянбай еңбек еткен ерлік істеріңіз бен еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Соғыстан кейінгі жылдары қираған экономиканы, шаруашылықтарды қалпына келтіру, құқық қорғау органдарының қалыптасуына зор үлес қостыңыздар. Сіздердің ерен ерліктеріңіз бен ішкі істер органдарындағы адал қызметтеріңіз кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге», - деді облыстық ПД бастығы Берік Біләлов.

Ақмолалық полицейлер ардагерлерге құрмет көрсетті

Соғыс ардагері Илья Марченконың жауынгерлік жолы кейінгі ұрпақ үшін ерлік пен өнеге беттері. Майдангер 1943 жылы орта мектепті бітірісімен соғысқа өз еркімен сұранған.

«Ташкент пулемет-миномет училищесінде алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Сол жылдың тамызында қан майданның қызған ортасынан бір-ақ шығады. 3-ші Украин майданының 92 гвардиялық атқыштар дивизиясының 282-ші атқыштар полкын басқарады. Днепрді жаудан азат ету кезінде 18 жасар бозбала ауыр жараланып, госпитальге түседі. Кейін қаруластарымен 37-ші армия құрамында Болгарияға жетіп, Жеңіс күнін қарсы алады. Соғыстан кейін әскери жолдамамен Батыс Украинаға жіберіледі. 1950 жылы елге оралған ол 33 жыл ішкі істер органдарында еңбек етті», - дейді ІІБ ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәуітбек Нұрғалиев.

Майдангер Мырзағали Қажымов 19 жасында соғысқа аттанып, 387-ші запастағы атқыштар полкында алғашқы әскери дайындықтан өткен. 1945 жылдың маусымында жапон басқыншыларына қарсы соғысқа қатысқан. Соғыстан кейін Мырзағали Тыныбекұлы Чита қаласында, 1948 жылы Норильскіде әскери қызметін жалғастырған. 1950 жылы елге оралған ол құқық қорғау саласында қызмет етті.

«Соғысқа қатысқан майдангерлердің қай-қайсысы болмасын жауға аяусыз соққы беріп, жеңіс күнін жақындатуға өзіндік үлес қосты. Адамзатқа керегі бейбіт өмір. Ендігі ұрпақ соғысты көрмесін», - дейді қарт майдангер Мырзағали Қажымов.

Тыл еңбеккерлері Жүлкен Рәшитов пен Жанбек Тілеубердин тылда ауыл балаларының үлкендермен бірге көрген қиыншылықтары жайлы сыр шертті.

«Адамзат баласына азабын әкелген соғыстың салған лаңы – әр отбасына өлшеусіз қайғы мен қасірет тарттырды. Фашистер салған лаң елдегілерді мойыта алмады. Еңбек көрігі қыза түсті. Балалар ерте есейді. Қариялар еріксіз жасарды. Халық аш-жалаңаш болды, бірақ, саналы түрде еңбек етті», - дейді тыл еңбеккері Жүлкен Рәшитов.                         

Өзгелердің жаңалығы