Ақмолада қар құрсауынан 400-ге жуық адам құтқарылды

28 Қаңтар 2020, 01:35
1719
Бөлісу:
Ақмолада қар құрсауынан 400-ге жуық адам құтқарылды

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Апталап соққан ақтүтек боран ақмолалықтарды әбігерге салды. Тас жолдардың бәрі жабылып, жүздеген жолаушы діттеген жерлеріне жете алмады. Құтқару жұмыстарына тартылған техникалар жолдарды қардан аршып үлгермеуде. Бір қуанарлығы, зардап шеккендер жоқ.

Облыста барлық бағытқа қозғалыс жабылғанына қарамастан жолға шығып кеткен жолаушылар қар құрсауында қалған. 19-28 қаңтар аралығында облыс автожолдарында көлік қозғалысына 29 рет шектеу қойылды. Өңірде 240 жылу пункттері ұйымдастырды. Құтқару жұмыстарына 1827 техника тартылды.

Құтқарушылар күні-түні көрінбейтін боранда құтқару жұмыстарын Ерейментау, Бурабай, Атбасар, Целиноград, Ақкөл, Астрахан, Садықтау, Есіл, Аршалы, Қорғалжын аудандарындағы жолдарда жүргізді. Өңірдегі республикалық, облыстық маңыздағы жолдарда 141 қар тазалау техникалары жұмылдырылды. 601 көлік арнайы бекеттерде жолға шығарылған жоқ. 400-ге жуық адам қар құрсауынан құтқарылып, 478 адам жылу пункттеріне орналастырылды, оның 23-і балалар. Жолда үсу, жарақаттану оқиғалары орын алған жоқ. Сол себепті олар медициналық көмекке мұқтаж емес, - деп түсіндірді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.

Жолдағы 47 мобильдік блок-бекетте 51 техника, 95 полиция қызметкері, 55 құтқарушы жұмыс істеді. Ерейментау ауданының аумағында Нұр-Сұлтан-Павлодар автомагистралі 22 қаңтардан бастап жабылып, автокөліктер жол қызметі, төтенше жағдайлар, жергілікті полицейлерінің рұқсатымен ғана шығарылды.

Ең қиын учаскелер – Петропавл мен Павлодар бағытына апаратын астаналық трасса. Аталған бағыттағы жол 22 қаңтардан бері жабық. Қыс басталғалы Ақмола облысының жол бойында 61 рет шектеу қойылды. Кеше Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті тас жолынан 115 шақырым жерде 65 автокөлік қар құрсауында қалды. Көліктердің барлығы Павлодар облысынан шыққан. 27 адам эвакуацияланды. Ақкөл ауданында жолдың жабылуына байланысты Тәжікстан-Түмен бағытына бет алған автобустағы 61 жолаушы аудандық мәдениет үйіне орналастырылды. Оның 2-еуі бала. Қарлы борандарда жедел құтқару жұмыстарына 21 техника, 3 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов.

Әлеуметтік желі қолданушылар барлық бағытта қозғалыс жабылғаны туралы ескертулерге қарамастан жолға шыққандарға айыппұл салу керектігін жазуда. Облыстық ТЖД тұрғындарға жол ашылғанға дейін елді мекен аумағынан шықпауға кеңес береді.

Өзгелердің жаңалығы