Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook-тегі ресми парақшасында өткен онлайн кездесу барысында мәлімдеді.
Барша қазақстандық үшін, жалпы әлем үшін бұл жыл сынаққа толы болды. Коронавирус пандемиясы өміріміздің әрбір саласына өзіндік өзгеріс енгізді. Қазір елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға қатысты түрлі шаралар қолға алынып жатқаны бәрімізге белгілі. Қазақстан білім жүйесі алдына да күрделі міндеттер қойылды. Аз уақыт ішінде қашықтан оқу форматына көшу және ол тиісті дәрежеде атқарылуы керек болды. Бұл мәселе педагогтар қайымдастығына ғана емес, балалардың ата-аналарына да қосымша күш жүктеді. Оның барлығын көріп, біліп отырмыз. Алайда, жаңа оқу жылына ұстаздар да, ата-аналар да белгілі бір тәжірибемен кіріседі деген үміттеміз, - деді ол.
Биыл Ақмола облысында жаңа оқу жылына 132 мың оқушы барады. Оның 15 мыңдайы мектеп табалдырығын алғаш аттағалы тұрған бірінші сынып оқушылары.
Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 552 мемлекеттік мектептің шалғайдағы 248 мектебі жаңа оқу жылын штаттық режимде бастайды деп күтілуде. 307 мектеп қашықтан білім алатын болады. Ата-аналардың өтініші бойынша, 3 мыңнан астам кезекті сыныптар ұйымдастырылды, олар штаттық режимде оқиды. Барлық тиісті санитарлық нормалар сақталады, - деді Айна Мысырәлімова.
Әкімнің орынбасары өңірдегі мектептердің компьютермен қамтылу жайына да тоқталды.
Облыс мектептерінде 16 мың компьютерлік техника бар. Жарты жыл ішінде 1000 компьютер сатып алынды, облыс бюджеті есебінен оқу жылы басталғанша тағы 3060 компьютер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл компьютерлер оқушылармен қатар, компьютер сатып алуға материалдық жағдайы көтермейтін педагогтерге де үлестірілетін болады, - деді ол.