Ақмола облысында қайырымдылық жүгірісі өтті

1 Қазан 2019, 02:29
1811
Бөлісу:
Ақмола облысында қайырымдылық жүгірісі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, «Оқжетпес» стадионында «Адал жүрек» республикалық акциясы аясында қайырымдылық жүгірісін ұйымдастырды.

Бұл жүгіру көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Шараға департаменттің, «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, қала жастары және барлық ниет білдірушілер қатысты. Желді ауа райына қарамастан, стадионда көп адам жиналды.

«Бұл шараның ерекшелігі - оған ересектер ғана емес, мектеп оқушылары да қатысты. Балаларды тарту оларға парасаттылық, өзгенің көңіліне бей-жай қарамау, басқаның жағдайын сезіну сияқты қағидаттарды қалыптастыруға ықпал етеді», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин.

Соңында барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды.

Айта кету керек, ақмолалық мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да өзгенің жағдайына немқұрайлы қарамайтын адамдар үшін қайырымдылық шараларын өткізу дәстүрге айналды. Өткен жылы департамент қызметкерлері «Алға басу» қайырымдылық марафонына қатысып, ауыр аурулармен ауыратын балаларға материалдық көмек көрсетті, қан тапсырды, сондай-ақ жалғыз басты аналарға азық-түлікпен көмек көрсетті.

Департамент басшылығы қайырымдылық іс-шараға қатысқан барлық азаматтарға және мемлекеттік қызметкерлерге алғыс білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы