Ақмола мектептері «Smart-мектеп» жүйесіне қосылуда

1 Сәуір 2019, 15:14
3448
Бөлісу:
Ақмола мектептері «Smart-мектеп»  жүйесіне қосылуда

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл Ақмола облысында 457 мектеп «Smart-мектеп» жүйесіне қосылады.

Былтыр облыстың білім саласына бірнеше жоба енгізілді. Өңірдегі 103 мектепте «Балаларды мектепке автоматты қабылдау» жүйесі арқылы барлық жұмыстар цифрлы форматта атқарылуда.

«Өткен жылы 148 балабақшада бүлдіршіндерді кезекке қою электронды түрде жүргізілсе, биыл қалған 464 балабақша осы жүйеге көшеді. Облыста 560 мектеп кең жолақты ғаламтор желісіне қосылған. Биыл өңірдегі 457 мектеп «Smart-мектеп» жүйесіне қосылады деп жоспарланған. Дегенмен мектептердің 30 пайызының техникасы ескірген күйде, осы орайда 500-ге жуық компьютерлер сатып алынды. 103 мектеп  Wi-Fi-желісіне қосылды. Бұл жұмыстар алда да жалғасатын болады», - дейді «Smart Aqmola» ММ цифрландыру офисінің жетекшісі Ғалымжан Бежентаев.

Ақкөл қаласында «Smart City Aqkol» жобасы аясында 14 мектеп «Smart-мектеп» жүйесімен жабдықталса, Көкшетау қаласында бес мектеп «Smart-мектеп» пилотты жобасына қосылған.

«Оқушылардың қауіпсіздігі үшін турникеттер орнатылатындықтан, білім беру мекемесіне бөгде адамдар кіре алмайды. Осы ретте болашақта мектепке күзетшілердің де қажеті болмайды. Өйткені оқушылар карточка арқылы кіре алады. Сондай-ақ пластик карталар арқылы оқушылар мектеп асханасы мен қоғамдық көлікке төлем жасай алады. Ата-аналарды ақпараттандыру жүйесі орнатылып, балалар электронды оқулықтармен қамтылады, білім ордаларындағы бейнекамералар ішкі істер басқармасының орталықтандырылған және төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік пультіне қосылады», - дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.

Облыс орталығында «Қауіпсіз қала» жобасы аясында адамдар көп жүретін орындарда бейнебақылау камералары, шұғыл аудио-бейне байланыс батырмасы, жылдамдықты бақылау кешені іске қосылды. Алдағы уақытта жоба ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Көкшетау мен Щучинск қалаларында GPS жолаушылар тасымалын бақылау жүйесі жұмыс істейді. «Infobus mobile» тегін мобильді қосымшасы арқылы автобустар жұмысын бақылауға болады. Көкшетау қаласында да қоғамдық көлік жолақысын төлеу мен бақылаудың автоматты жүйесі енгізілгелі отыр. Ол арқылы қолма-қол және банк, әлеуметтік карталар арқылы және мобильді төлем жүргізуге болады.

Smart Aqkol технологиялары облыс орталығына да енгізіледі.

«Қаладағы мөлтек аудандарда smart-кварталдар пайда болады. «Ақылды» домофондар мен шлагбаумдар қойылады, кондиционер, Wi-Fi, бейнебақылауы бар жаңа үлгідегі аялдамалар салынады. Автоматты жылу пункттері есебінен энергияны 10% үнемдеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұның барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жүзеге асырылатын жобалар», - дейді Ғалымжан Бежентаев.   



Өзгелердің жаңалығы